Жас ұрпақ еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы. Жастардың өнерін шыңдау арқылы еліміздің мәдени дамуына , рухани баюына үлес қоса аламыз. Бұл бағытта жыл сайын түрлі тақырыпта байқаулар өткізілуде. Солардың бірегейі «Нұрлы жастар-өнер орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асатын «Көктем гүлі-әз Наурыз» атты Республикалық көркем сөз, ән-би байқауы.
Респуликалық байқаудың хореография номинациялары бойынша сайысы Шымкент қаласының «Оқушылар сарайында» өтті. Би жарысына еліміздің әр облысынан үздік деп танылған тәлімгерлер келген. Ал Қарағанды облысы Жезқазған қаласынан 75-ке жуық өнерпаздар қатысты. Олардың ішінен Айгерім Тоғызбаева жетекшілік ететін «Нұрсәулем-ай» хореографиялық би ансамблі ерекше өнер көрсетіп, көрермен көңілінен орын алды.
Құрылғанына 15-жыл толып, құрамы жиырма бишіге толыққан «Нұрсәулем-ай» тобы қазылар алқасының жоғарғы бағасына да ие болды. Ұлытау өңірінен келген өнерпаздар «Сылқылдақ» және «Хорезм» билерін өз нақышында орындап 1-ші орынды иемденді. Ал жекелеген сайыста «Аққу биімен» көрмен жүрегін жаулаған Жезқазғандық жас тәлімгер Гүлзана Мұхтарова Респуликалық байқаудың 2-ші орын иегері атанды. Осылайша Қарағанды облысының өнерпаздары байқауда жоғарғы дәрежеде өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді.
Айта кетейік, Гүлзана Мұхтарованың би өнерімен айналысып жүргеніне 8-жыл болған. Ол бұған дейін де түрлі байқаулардың жеңімпазы және жүлдегері атанып, ұзтаздарының үмітін ақтап жүр. Ұлытау өңірінің жас өнерпазы алдағы уақытта , биік белестерді бағындыруды мақсат етеді.
Үшінші мегаполистің «Оқушылар сарайында» өткен «Көктем гүлі-әз Наурыз» атты Республикалық байқау сәуір айының 13-14 күндері аралығында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, байқауда тәлімгерлерді қазылар алқасы он балдық жүйе бойынша бағалап, ең көп ұпай жинаған өзге де қатысушыларды дәрежесіне лайық дипломдармен, кубок, медальдармен марапаттады.
Жомарт Бегімбет