Түркістандықтар да асыл қазынамыз аға буынға құрмет көрсетті. Жергілікті билік өкілдері өңірдің өркендеуі мен дамуына үлес қосқан тыл еңбеккерлері мен қариялардың шаңырағына барып сый-сияпат жасады.
Бүгінде Түркістан облысында 164 мың зейнеткер тұрады. Оның 93-і Отан соғысының ардагері болса, 10 мыңнан астамы тыл еңбеккері. Мемлекет тарапынан оларға кепілдендірілген көмек көрсетіліп тұрады.
Ал өңірдегі 80-нен асқан 313 жалғызілікті қарияның зейнетақысына ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде үстемақы төленеді. «Қамқорлық» акциясы аясында қоғамдық көліктерде тегін жүреді, коммуналдық төлемдерге де жеңілдіктер қарастырылған.
Биылдың өзінде акция аясында 15 мың 600-ге жуық ардагерге көмек көрсетілген.
Шайықбек Құдайбергенов, тыл ардагері: — «Өзім қайда болсам, көңілім сонда» демекші, қарт болсақ та көңіліміз сіздерменен бірге. Аман-есен, елдің қамын ойлап, қызмет жасап жатырсыңдар, оны күнде көріп отырмыз.
Әліпбек Өсербаев, қала әкімі: — Мереке күні ғана емес, біз өмір бойы, күнделікті әрқайысымыз өзіміздің ата-анамызды, жалпы қарттарымызды құрметтеуге тіиспіз. Өйткені біздің осындай жағдайда жүргеніміз, қаламыздың, облысымыздың, жалпы Қазақстанның дамуына осы кісілердің кезінде қосқан үлестері зор.
24.kz