Бүгін Бұқар жырау ауданында кемеңгер жырау Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығын тойлауға арналған шаралар бастау алды. Ұлы тұлғаның мерейтойымен Қарағанды облысының жұртшылығын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құттықтады, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Президент атынан құттықтауды салтанатты жиында сахнада мерейтойдың құрметті қонағы, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова оқыды:
«Кұрметті отандастар!
Баршаңызды тарихымызда өшпес із қалдырған абыз бабамыз Бұқар жырау Қалқаманулының 350 жылдық мерейтойымен қуттықтаймын!
Бұқар жырау — халық тағдыры таразыға түскен қиын-қыстау жылдарда уәжді сөзімен де, ерлікті дәріптеген отты жырларымен де елді ұйытып, халқымызды басшысының төңірегіне тығыз топтасуға, ата мекенімізді жатжерлік басқыншылардан қорғауға үнін қоса білген үлкен қайраткер тұлға.
Оның өткір де отты жырларының төркінінде қазақтың біртұтас ұлт, қуатты ел болуын аңсаған үлы арман жатты. Жыраудың тарихи тұлғасы, өмірі мен шығармалары бүгінгі ұрпақ үшін қаншалықты қымбат та қастерлі болса, келешекте де солай болып қала беретіні сөзсіз.
Біз — ұлы бабамыз арман еткен біртұтас ұлт, қуатты мемлекет болуды жүзеге асырған бақытты ұрпақпыз. Сондықтан Бұқар жырау мұра еткен ел тағдыры, ұлт бірлігі мәселесі халқымыз үшін әрдайым өзекті болып қала береді. Бүгінгі үлкен салтанат та осындай игі мақсат орайында өткізіліп отыр.
Мен мерейтой іс-шараларын барынша мазмұнды да ғибратты өтуін тілектеспін.
¥лы бабамыздың арманы болған бүгінгі Тәуелсіз еліміз мәңгі жасай берсін!»
Бұқар жырау еліміздің тарихында өшпес мұра қалдырған әйгілі ақын һәм өз заманының дана да дара биі, шешендік өнерімен халықты өзіне қаратқан жырау, Абылай ханның кеңесшісі болған кемеңгер тұлға.
Бұқар жырау Қалқаманұлының мерейтойы Қарағанды облысында жыл басынан бері тойланып жатыр. Аймақта ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған көрмелер, байқаулар, концерттер, жыршы-жыраулар фестивалі, ғылыми конференциялар өтті.
Негізгі салтанатты шаралар бүгін, 18 тамыз Бұқар жырау ауданында өтуде. Той таң ата шымылдығын түрді. Ботақара ауылына жақын маңда киіз үйлер құрылып, халық жырау тойын тойлауды бастап кетті. Мерейтойға келген қонақтар театрландырылған қойылымдар мен қазақстандық және шетел жұлдыздарының қатысуымен өтетін концертті тамашалайды. Сондай-ақ Қ.Байжанов атындағы облыстық концерттік бірлестіктің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді. Бұдан бөлек ұлттық ойындар мен спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылады.