103

Мемлекеттік қызметтің миссиясы халыққа адал қызмет ету – Назарбаев

Мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысқан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы өзінің құттықтау сөзінде Елбасының сөзіне тоқталды.

Астанада Мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, өзінің құттықтау сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік қызметтің миссиясы халыққа адал қызмет ету және ұлттық мүддені тиімді қорғау деген сөзіне тоқталды, деп хабарлайды bnews.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Содан кейін Мемлекеттік хатшы бұл мейрамның биыл тәуелсіз Қазақстанның символы – Астананың 20 жылдық мерейтойымен орайлас келгенін атап өтті.

«Әрбір мемлекеттік қызметші Ел Президентінің стратегиялық бағытын жүйелі жүзеге асыруға өз үлесін қосып келеді. Халқымыздың ерен еңбегі мен жасампаз істерінің арқасында Қазақстан табысты әрі қуатты және беделді мемлекетке айналды», – деді Мемлекеттік хатшы.

Сондай-ақ, салтанатты іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Оңдасын Оразалин, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, орталық және жергілікті атқарушы органдар басшылары, мемлекеттік қызметшілер де қатысты.

Тәуелсіздік жылдары «Қазақстан – 2050» стратегиясын, Ұлт жоспарын, елдің Үшінші жаңғыруын табысты жүзеге асырып келе жатқан заманауи және жоғары кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптасты.

Бүгінде мемлекеттік қызмет саласында 98 мыңға жуық қызметші еңбек етуде. Кейінгі жылдары мемлекеттік аппараттың тұрақтылығы қамтамасыз етілді. Кадр алмасу 2015 жылдан бері (2015 жылғы 11,2 пайыздан 2017 жылы 6,2 пайызға дейін) 2 есе азайды. Соңғы үш жылда  мансап моделінің арқасында жұмыс бабында жоғарылаған мемлекеттік қызметшілер саны 4 есе көбейді.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сарапшыларының бағалауы бойынша, Қазақстанның мемлекеттік қызмет жүйесі жаһандық стандарттарға сай келеді, ал мемлекеттік аппараттың «қартаюы» және гендерлік теңсіздік көрсеткіштері жөнінен ілгерілеушілік байқалады.

Мерекелік шара аясында «Қазақстан Республикасының 2018 жылғы үздік мемлекеттік қызметшісі» конкурсының 20 жеңімпазы «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталды.

Марапаттау рәсімінен кейін еліміздегі танымал әртістердің және өнер ұжымдарының қатысуымен мерекелік концерт өтті.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!