03

Көкшетауда ашылған этноауыл қалалықтарға ерекше көңіл-күй сыйлады

Көкшетаудағы экосаябақта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жер – тұнған тарих» тақырыбында этноауыл ашылды, деп хабарлайды Baq.kz .

Бұқпа тауының етегінен орын тепкен этноауылда қазақтың салт-дәстүрі насихатталды. Осы аумақта ұлттық спорт түрлері, «Хан ордасындағы кеңес» театрландырылған қойылымы, жыраулардың термелері және қазақтың ұлттық тағамдарының көрмесі өтті. Еліміздің өткен тарихы, осы өңірден шыққан арғы-бергі танымал тұлғалар, қызық дерек, көне суреттер ұсынған көрмелер, музей мұрағаттары көптің көңілінен шықты.

«Басты мақсат – қала тұрғындарына, әсіресе жастарға салт-тұрмысымызды таныстыру, қолма-қол, көз алдында көрсету болатын. Жаңа жобаның берері көп, тағлымы мол, танымдық тұсы толғандырарлық екенін баса айтқымыз келеді», — дейді қалалық білім бөлімінің жетекшісі Бейбіт Жүсіпов.

Арнайы тігілген 12 ақшаңқан киіз үйлердегі текемет-кілемдер, тоқыма үлгілері, тақия мен қамзол-кәжекейлер, жүннен жасалған небір кәдесый заттары халқымыздың қолөнер шеберлігінің шыңын паш етіп тұрғандай. Жайылған ақ дастарханда ұлттық тағамдар дәмділігімен елді тамсандырды. Әсіресе, Көкшенің қымызы, құрты мен майы, женті және балқаймағынан дәм татқан қонақтар таңдайларын қағып, риза болды.

«Кезінде Ақмолада Қоянды жәрмеңкесі өткізілгендігін тарихтан білеміз. Алаңда мұндай шараның ұйымдастырылуы қала қазақтарына ерекше көңіл күй сыйлады. Этноауыл өзіндік ерекшелігімінен айшықталды, көрмелерден көп нәрсені ойға түюге болады. Дәстүрлі әнші ретінде этноауылда Көкшенің сал-серілерінің әндерін тарту еттік», — дейді дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасенов.

Этноауыл аясында мәдени және тарихи ескерткіштер мен тұлғалар, өлке тарихына қатысты зерттеу материалдары ұсынылды. Білім беру мекемелері қолданбалы өнер көрмесін ұсынды. Оған мектеп оқушыларының үздік жұмыстары қойылды.

Жергілікті қолөнер шеберлерінің көрмесінде зергерлердің қолынан шыққан асыл дүниелер, ұлттық бұйымдар көптің назарына ұсынылды. Келушілер киіз басу, көрпе тігу, жүн иіру, ағаштан ыдыс ою өнерін тамашалады. Қолөнершілер арнайы келіп, өз жұмысымен таныстырды. Ал, ісмерлер қызығушылық танытқан әрбір тұрғынға шеберлік сағатын өткізді.

«Қазіргі жастарымыз ою-өрнектің түрлерін біле ме? Тап өзім кестенің жеті түрін тоқи аламын. Солардың ішінде қайым кесте, жазық кесте, бұзау тіс кесте, үшбұрыш кесте дейтіндері бар. Одан басқа кілем тоқудың бірнеше әдісін білемін. Сырмақ сыру, тері илеу, одан бас киімдер тігу, аяқ-киім тігу, бәрі ата жұртымыздан кәсіпке айналған дүниелер. Кейінгі буынның көбісі қайыстан таспа тілуді біле бермейді. Білсе де оны төрт таспа, алты таспа, сегіз таспа, он екі таспа етіп өре алмайды. Өз халқының баға жетпес асыл мұрасына шын жаны ашитын адам өзінің ізін басатын кейінгі ізбасарларының көп-көп болуына да сүбелі үлес қосқанын жөн санаймын», — дейді көкшетаулық қолөнер шебері Шәмшия Айтжанова.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!