Енді Мырзашөл өңірін одан әрі дамытып, шағын және орта бизнесті және ауылшаруашылығын өркендетуге де мүмкіндік молая түсті. Демографиялық өсімі жоғары аймақта екі ауданның құрылуы жергілікті әкімшілік басқару жүйесін реттеп, жаңа жұмыс орындарын ашуға да сеп болмақ. Жұма күні Мақтаралға барған облыс әкімі тұрғындарға Елбасы жарлығын баяндап, құттықтауын жеткізді.
«Елін сүйген Елбасыға рахмет». Мырзашөл халқы мұндай шешімнің қабылданғанына қуанышты. Бұл күнді жұртшылық талай жылдан бері асыл арманның орындалып, елдің еңсесі көтерілген тарихи сәт деп біледі. Себебі, Мемлекет басшысы Мақтарал ауданын екіге бөліп, Жетісай ауданын қайта құру туралы Жарлыққа қол қойды. Халқы тығыз қоныстанған өңір үшін бұл тиімді қадам. Негізінен ауылшаруашылыққа бейім Мырзашөл өңірі енді егістіктерді әртараптандыруға, суармалы жерлерді толық игеруге мүмкіндік алады. Яғни, екі ауданның өзіндік қазынасы қалыптасып, жобасы мен жоспары түзіледі.