Қазақстанда мектептерді қаржыландыру тәртібі өзгереді | "Айғақ" ақпараттық порталы
shkola

Қазақстанда мектептерді қаржыландыру тәртібі өзгереді

2020 жылдан бастап Қазақстанның барлық мектептерінде жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізіледі. Бұл туралы Алматыда өткен арнайы жиын барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінде Алматы мен Астана қалаларында 5 мемлекеттік мектеп осындай қаржыландыру түріне көшкен. Аталған мектептерге қаржы бала санына қарай беріледі. 2020 жылдан бастап еліміздегі барлық мектепке қаржы бала санына қарай берілетін болады. Сонымен қатар, қаржы жекеменшік мектептерге де қарастырылады.
«Пилоттық жоба көрсеткендей, мектептерде қаржы жетіспеушілігі жоқ екендігі белгілі болды. Біздің есебімізше, мектептерді қаржыландыру көлемі 13%-ға артады. Мемлекет басшысының қолдауымен 2020 жылдан бастап республика бойынша мектептерді қаржыландыруға қосымша 80 млрд теңге бөлінеді», — деді ҚР Білім және ғылым вице-министр Бибігүл Асылова. Жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі мектептің меншік формасына, білім беру бағдарламасының ерекшелігіне байланысты болмақ. Базалық мемлекеттік білім беру стандартының құны 1 балаға — 224 704 теңге, коммуналдық шығындар мен интернет төлеміне -10 823 теңге, ынталандыру шығындарына 231 000 теңге бөлінеді.
«Мемлекеттік стандарт бойынша қаржыны мемлекеттік мекеме нысанындағы мектептер алады. Олардың коммуналдық шығындары жергілікті бюджеттен төленеді. Республикалық бюджеттен мұғалімдердің жалақысы, ынталандыру қоры, оқыту, білім беру шығындары, ағымдағы жөндеу жұмыстары қаржыландырылмақ. Екінші қаржыландыру түрін мемлекеттік мекемеден шаруашылық жүргізу құқығына көшкен мектептер алатын болады. Яғни, олардың коммуналдық шығындары жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша төленетін болады. Ынталандыру төлемі жаңадан ашылған жекеменшік мектептер құрылысына жұмсалған қаржыны ақтау үшін 8 жыл бойы төленетін болады»,- деді вице-министр.
Оның айтуынша, қаржыландырудың жаңа моделі мектептердегі ақша жинау проблемасын шешуге ықпал тигізбек. Сонымен қатар, ынталандыру қаржысы кәсіпкерлерді бизнес жасауға итермелейді. Жекеменшік мектептердегі жан басына шаққандағы қаржыландырудың жүйесі пилоттық жоба ретінде 2018 жылдың қыркүйегінен бастап Астана, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Алматы мектептеріне ішінара енгізілетін болады.
«Бүгінде бізде мектептерде оқушыларға орын тапшы. Апатты жағдайды жұмыс істеп жатқан мектептер бар. Бұл жоба біріншіден, Алматы мен Астана қалаларында мектептердің жобалық қуаттылығын 3 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік бермек. Ендігі талап бойынша мектеп ашуға бірқатар талаптар жеңілдетілді. Мектепте спорт зал болуы шарт емес. Жақын арада спорт кешені болса жеткілікті. Мектептерде медпункттің де болуына талап қойылмайды. Медициналық мекемемен келісімшарт болса жеткілікті»,- деді Бибігүл Асылова.Дерккөз: Іnform.kz
Фото: novoetv.kz




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!