Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев шымкенттіктерді мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Құрметті шымкенттіктер мен қала қонақтары!
Сіздерді 1 Мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесімен құттықтаймын!
Достық пен өзара түсіністіктің белгісіндей бұл мереке Қазақстан қоғамындағы біріктіруші факторлардың біріне айналды.
1 Мамыр – әркімге де қымбат және миллиондаған азаматтың жүрегіне жылы сезім ұялататын мереке. Қазақстан – мәдениеттерінің, тілдері мен дәстүрлерінің әралуандығы басты байлығына айналған, ал азаматтары жасампаздық пен даму идеясы айналасында біріккен ел.
Дана халқымызда «Ырыс алды – ынтымақ» деген қанатты сөзі бар. Бейбіт Қазақстанның, егемен еліміздің ең басты құндылығы – ел бірлігі, достық пен бауырмалдық болып саналады. Тәуелсіз Қазақстан – бейбіт күннің, татулықтың темірқазығындай.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен елдің дамуына қажет ауқымды жобалар іске асырылуда. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Бес әлеуметтік бастамасы» әр отандасымызды рухани байытып, болашаққа нық қадам басуына арналған. Мемлекет басшысы тапсырмаларының сәтті іске асырылуы – қуатты да бәсекеге қабілетті мемлекет құрудың басты шарты.
Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең басты байлығымыз! Біз бір мақсат, бір – мүдде, бір – болашақ жолында жұмылған қуатты елміз. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету әр қазақстандықтың қастерлі борышы болып саналады.
Түрі басқа болғанымен, тілегі бір, жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір көп ұлттың өкілдері бейбіт елдің аясында жасауда. Дана халқымыз бірлік пен татулықтың нәтижесінде жарқын болашаққа бет алып келеді. Бүгінде мәдениеті мен салты сақталған бірлік шаңырағында ұйысқан ұлттық мәдени орталықтар – достықтың дәлелі.
Қадірлі шымкенттіктер!
Бірлік мерекесі қарсаңында Сіздерге және отбасыларыңызға бақыт, зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін.