«Delta Bank» АҚ жұмысын тоқтату туралы сот шешімі заңды күшіне енді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі ҚДКБҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен, 2018 жылдың 25 сәуірінде «Delta Bank» АҚ қызметін мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот шешімі заңды күшіне енді.
Сот шешіміне сәйкес банк салымшылары мен клиенттері – жеке тұлғалар ағымдағы шоттар мен төлем карточкаларында орналастырылған депозиттер мен сомаларды қайтаруға құқылы. Атап айтқанда ұлттық валютадағы депозиттер бойынша — 10 миллион теңгеге дейін, ал, шетел валютасындағы депозиттер бойынша — 5 миллион теңгеге дейін.
Айта кетейік, кепілдік берілген өтемді төлеуді Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) қаражатынан «Банк ЦентрКредит» АҚ арқылы жүзеге асыратын болады. Банк 2018 жылдың 17 мамырынан кешіктірмей өтемді қайтаруды бастайды.
Бүгінде ҚДКБҚ-ның кепілдік берілген өтемді төлеу бойынша міндеттемелерінің сомасы шамамен 141 млн теңгені құрайды. Өтемді алуға құқығы бар жеке тұлғалардың саны — 2 244 адам, оның ішінде кепілдік берілген өтем мөлшерінің шегінде — 2 242 адам. Ал, кепілдендірілген сомадан асатын депозиттері бар жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіпте және кезекте «Delta Bank» АҚ-ның тарату комиссиясы банктің активтерін сату барысында өтемақы алуға құқылы.
Жалпы, кепілдік берілген өтемді төлеуге арналған ҚДКБҚ қаражатының жалпы сомасы 577,6 миллиард теңгені құрады.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Ұлттық банк басқармасының 2017 жылғы 2 қарашадағы №194 қаулысына сәйкес «Delta Bank» АҚ 2017 жылғы 3 қарашадан бастап банктік және басқа да операцияларды жүргізу лицензиясынан айырылды. ҚРҰБ төрағасының 2017 жылғы 2 қарашадағы №402 бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды, оған банкті басқарудың барлық органдарының өкілеттіктері өтті. ҚРҰБ және ҚДКБҚ мамандары уақытша әкімшілік құрамына кірді. 2018 жылдың 13 ақпанында Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Delta Bank» АҚ мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылдады.