Облыс бойынша кәсіпкер әйелдердің саны 40%-ды құрап отыр. Гендерлік саясат тұрғысынан қарағанда бұл аз көрсеткіш. Аталған мәселе бойынша Абай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен конференция өтті. Мұндағы мақсат белсенді қыз-келіншектердің санын арттырып түрлі зорлық-зомбылықтың алдын алу болып табылады. Сондай-ақ, бас қосуға облыстық мәслихаттың депутаты «Саясаткер әйелдер клубы» қоғамдық бірлестігінің төрайымыда қатысты.
Бүгінгі конференцияның барысы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Бес әлеуметтік бастама» атты Үндеуі аясында іскер әйелдердің санын арттыру болып табылдады. Яғни, 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша ұйымдастырылған. Шараға облысымыздың бірқатар кәсіпкер әйелдері мен мекеме қызметкерлері қатысып өз ой-пікірлерін білдірді. Өз кезегінде сөз алған Рәшкүл Жалелқызы белсенді қыз келіншектерді саясатқа жақындатуымыз қажет дейді.
Гендерлік саясат бұл әйелдерді ерлер мен тең дәрежеде билікке тарту, ана мен балаға айрықша әлеуметтік жағдай жасау және отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу болып табылады. Өкінішке орай облысымыз зорлық-зомбылық жасаудан көш бастап тұр екен. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналарды, аталған келеңсіз жағдайларға қалдырмай мәртебесін көтеруіміз керек. Шара барысында бірқатар мекемелерде қызмет атақаратын нәзік жандылар мадақтама қағазына ие болды.
Әке ұлын тәрбиелесе, ана әлемді тәрбиелейді деген ұлы сөз бекер айтылмаса керек. Сондықтанда, қыз-келіншектерді қоғамдық істерге етене жақындастыру игі бастама. Күйбең тірлікті күйттеген азаматшаларды саясатқа жақындату жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Мақсат ТОҚСАНБАЙ.