Шаһарымызда қала әкімдігінің қолдауымен Наурыз мерекесіне орай ерекше көрме ұйымдастырылды. Тұңғыш рет өткізіліп отырған игі шарада ғасырға жуық тарихы бар ретро көліктер қойылды. Аталмыш көрмеге еліміздің өзге облыстарымен қатар көрші мемлекеттерден де ерекше үлгідегі елуге жуық көліктер көрермен назарына ұсынылды.
Ретро көліктер жиналған бұл көрмеге қазіргі таңда өте сирек кездесетін 1985 жылға дейінгі тарихи көліктер қойылған. Әбден ескірген темір тұлпарлар бұл күнде жаңарудан өтіп, жақсы күйде сақталып отыр. Бірнеше қаладағы ескі көліктер сайысының жүлдегері 1932 жылғы Италияндық тұлпарды су жаңа етіп қалыпқа келтіру үшін бес жылын жұмсаған.
Жан-жақтан жиналған көліктердің арасында бәйге ұйымдастырылды. Жеңімпаз деп танылған көлік иелері мамандардың қолынан ақшалай сыйлықтар мен марапаттауларға ие болды. Қаламызда алғашқы рет жиналып отырған ескі көліктерді тамашалауға келген жұртшылық көрмеден таңқалысып, естелік суреттерге түсіп жатты. Көрме таңғы 10:00 ден кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істеді.
Аруна Пернебек.