Өңірде «Оңтүстік қолөнершісі» пилоттық жобасы қолға алынды. Енді әр қолөнер шеберіне шәкірт дайындағаны үшін ай-сайын 30 мың теңгеден төленетін болады. Аталған жоба аясында 300 қолөнершіні 3-айлық қысқа мерзімді оқыту да жоспарланып отыр. Елбасы «Ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтындығын атап өткен болатын. Сол себепті де ұлт дәстүрін ұрпаққа аманаттау біздің еншімізде.
Облыс әкімі мен қонақтар Бейсбековтер отбасының «Алтын Орда» галереясы жұмысымен танысты. Мұнда алаша, кілем, тері, зергерлік және керамика заттарымен қоса, тоқыма бұйымдарының жасалу процесіне куә болды. Аймақ басшысы биыл 7 мың адамға кәсіптік білім беруді қолға алып отырғандығын жеткізді. Соның ішінде ең маңыздысы «Оңтүстік қолөнершісі» курсы болмақ. Білім алушыға ай-сайын 16 759 теңгеден шәкірт ақы төленеді. Ал, ауыл-аймақтан келушілерге жол ақысы ретінде 9 620 теңге, баспана жалдап тұрулары үшін бөлек 12 025 теңге төленетін болады. Сондай-ақ, курсты үздік тәмамдаған 20 түлекке облыс әкімінің арнайы гранты ретінде 240 мың теңге тағайындап отырғандығын жеткізді.
Қазақ халқының қолөнері ықылым заманнан тарихымен бірге өсіп, біте қайнап жатқан бай қазына. Қолөнердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, тамырын тереңге жайып келе жатқан халық мұрасы. Осындай мұрамызды өскелең ұрпаққа табыстау бұл аға буынның алдындағы мақсат.
Кездесу барысында Болатбек Бейсбеков өңіріміздегі қолөнердің бүгінгі жай-жапсарын баяндап, «Қолөнер шеберлері орталығы» жобасын таныстырды. Айтуынша, бұл жоба отбасылық орталық болады деп ойлағанбыз. Дамыта келе бұл үлкен мемлекеттік маңызы бар жобаға айналған көрінеді. Мұнда келген әр турист жанға қажеттінің барлығын бір жерден табуларына мүмкіндік туады. Жоба алдағы уақытта қолдау тапса қолөнер шеберлерінің мәртебесі артып, салт-дәстүріміз жаңғыратыны сөзсіз.
Айта кетейік, облыста Қазақстан Қолөнершілер Одағының 23 мүшесі бар. Бүгінде алыс-жақын шетелдерде қазақ өнерін жоғары дейгейде насихаттап келеді. Салт-дәстүрі, тілі мен діні ұлттық болмысын жоғалтпаған елдің болашағы да баянды болмақ. Рухани құндылығымызды жоғалтпай, тиісінше дамыту бұл әрбір азаматтың өзіндік борышы.
Балнұр ЖАНЫСБАЕВА
Суреттер облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен