2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап – «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» жаңа кеден кодексі күшіне енді.
Жаңа кодексте Ұлттық заңнаманы Еуразиялық экономикалық одақтың Кедендік кодексімен сәйкестендіру және жұмысты жеңілдетуге бағытталған жаңа технологияларды пайдаланып, үрдістерді толық автоматтандыру көзделген.
Жаңа кодекс бизнес өкілдерінің тікелей қатысуымен дайындалды және кедендік рәсімдерді оңайлатуға, уақыттық және қаржылық шығындарды төмендетуге, сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметті жүргізудің еркін шарттарын орнатады.
Кеден кодексіндегі енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы ОҚО бойынша МКД-нің Түсіндіру жұмысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Раймқұлов төмендегі түсіндірмелік ақпаратты берді. Атап айтқанда:
Кодекстің негізгі өзгерістерінің бірі кедендік декларациялау электрондық нысанда жүзеге асырылады. (қағаз түріндегі декларациялау тек қана ақпараттық жүйелердің ақаулары орын алған жағдайларда ғана жүзеге асырылады.)
Жазбаша нысанда кедендік декларация жеке пайдалануға арналған тауарларды, кедендік транзит кедендік рәсіміне орналастырылатын тауарларды, сондай-ақ халықаралық тасымалдау көлік құралын декларациялау кезінде ұсынылады.
Заңнаманы бұзу тәуекелі жоқ болған жағдайда кедендік декларацияларды кеден органдарының лауазымды тұлғаларының қатысуынсыз – ақпараттық жүйелерді қолданумен автоматты түрде тіркеу және шығару мүмкіндігі қарастырылған.
Жаңа кеден кодексі бойынша декларациялау мен бақылау уақыты қысқартылды. Декларациялау мерзімі 24 сағаттан 4 сағатқа дейін, жалпы бақылау жұмысы он күнен бес күнге дейін қысқартылды.
Сонымен бірге жаңа кодекс бойынша декларацияны кеден офицері толтыра алады. Ал бұрынғы кодексте кеден қызметкерлерінің декларация толтыруға құқығы болмаған.
Кеден органдарына алдын ала ақпаратты ұсыну бойынша қағидалар қайта қаралып нақтыланды. Алдын ала ақпаратты кеден органдары кедендік операциялар жасауды жеңілдету және кедендік бақылау жүргізуді оңтайландыру үшін пайдаланады.
Бұл ретте кедендік операцияларды жасауды жылдамдату мақсаты үшін біруақытта бірнеше кедендік операциялар кезінде қолданыла алатын қосымша алдын ала ақпраратты ұсыну қарастырылған.
Бизнесті жүргізуді оңайлату мақсатында сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін кедендік баждарды кейін төлеу немесе бөліп төлеу мүмкіндігі ұсынылады.
Қазір сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін кедендік баждармен салықтарды бір айға, ал кейбір тауарлар санаттары бойынша алты айға дейін кейін төлеуі қарастырылған.
Уәкілетті экономикалық операторлар институтын жетілдіру мақсатында уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне енгізілгені туралы үш типті куәлік енгізілді.
Бірінші типті куәлік Еуразиялық экономикалық одақтың барлық аумағында тауарлардың транзиті кезінде оңайлатуларды қолдануға мүмкіндік береді.
Куәліктің екінші типі тауарларды тікелей Қазақстан Республикасы аумағында кедендік тазарту кезінде оңайлатуларды береді.
Куәліктің үшінші типі уәкілетті экономикалық операторлардың бірінші және екінші типтері үшін ұсынылатын кешенді оңайлатуларды қолдануға мүмкіндік береді.
Еуропалық одақ елдерінде қолданыстағы тәжірибеге ұқсас Қазақстан Республикасына келетін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы және Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы басқа елдер арасында тасымалдайтын тұлғаларға тауарларды бажсыз сауда дүкендерінде сатып алу мүмкіндігіне жол беріледі.
Кодекс қазақстандықтарға шетел көлік құралын 1 жылға дейін уақытша әкелуге мүмкіндік берді. Бұрын бұл мерзім 6 айға дейінгі уақытпен шектелетін.
Кедендік кодекстің барлық жаңашылықтары мен оңайлатулары сыртқы экономикалық қызметті жүргізуді жеңілдетумен отандық экономиканы дамыту үшін жағдай жасауға арналған.