2018 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап идеологиясы өзгерген, ынталандыру және әкімшілендіруді жеңілдетуге көзделген жаңа Салық кодексі күшіне енді.
Жаңа кодекс бойынша мемлекеттік кірістер органдары тарапынан бақылау жұмыстары барынша азайтылып, салық төлеушілердің міндеттемелерін өз еріктерінше орындауына бағытталған шаралар қабылданды. Ондағы басты мақсат адал салық төлеушілердің мүддесін қорғау.
Салық кодексіндегі негізгі енгізілген өзгерістерге ОҚО бойынша МКД-нің Түсіндіру жұмысы басқармасы басшысының м.а. А.Райымқұловтың түсіндірмесін назарларыңызға ұсынамыз.
Салық кодексінің 1-ші бабының 65)-тармақшасымен тауарлармен электрондық сауда ұғымы қарастырылды.
Тауарлармен электрондық сауда – бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде:
тауарларды өткізу жөніндегі мәмілелерді ресімдеу электрондық нысанда жүзеге асырылса;
тауарлар үшін ақы төлеу қолма-қол емес төлеммен жүргізілсе;
тауарларды сатып алушыға (алушыға) жеткізетін өз қызметі болса не жүктерді тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді, курьерлік және (немесе) пошталық қызметті жүзеге асыратын тұлғалармен шарттар болса, интернет-дүкен және (немесе) интернет-алаң арқылы ақпараттық технологиялар көмегімен жүзеге асырылатын, жеке тұлғаларға тауарларды өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет.
Тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасы салық заңнамасының корпоративтік табыс салығының есептелген сомасын азайту, дара кәсіпкер кірісінің салық салынатын сомасын дара кәсіпкердің салық салынатын кірісіне азайту, жеке тұлғаның салық салынатын кірісін дара кәсіпкердің салық салынатын кірісіне азайту бөлігіндегі нормаларын қолданатын тұлғалар осындай қызмет жөніндегі ақпаратты орналасқан жеріндегі салық органына уәкілетті орган бекіткен тәртіппен, мерзімдерде және нысан бойынша беруге міндетті (28 бап).
Тауарлармен электрондық сауда кезінде тауарларды жөнелтуді, тасымалдауды, жеткізуді жүзеге асыратын тұлғалар салық органының сұрау салуы бойынша мәліметтерді уәкілетті орган бекіткен тәртіппен, мерзімдерде және нысан бойынша ұсынады.
Тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асыратын салық төлеуші Салық кодексінiң 302-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайтады (293 бап).
Бұл ретте, егер тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асырудан түсетін, осындай қызмет жөніндегі операциялар бойынша туындаған оң бағамдық айырма сомасының теріс бағамдық айырма сомасынан асып кетуі ескерілген кірістер жылдық жиынтық кірістің кемінде 90 пайызын құраған жағдайда, осы тармақтың ережелері қолданылады. Осы шарт сақталмаған кезде, салық төлеуші осы баптың ережелерін қолдануға құқылы емес.
Сонымен қатар, аталған тұлғалар Салық кодексінің 302-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығын азайтуды көздейтін осы Кодекстің басқа ережелерін қолдануға құқылы емес.
Сонымен қатар, тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асыратын салық төлеушілер жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушi ретінде тіркеу есебіне қоюға жатады (88 бап).
Фото: 7kun.kz