Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жұмыс берушілер үшін 2020 жылға дейін шегеріліп отыр. Алайда, медициналық сақтандыру қорына аударылатын аударымдар көрсеткіші өзгермейді. 2018-2019 жылдары 1,5 пайыз болса, 2020 жылға 2 пайыз сақталады. Мұнан бөлек, медицина саласына енгізілген өзгерістер электронды төлқұжатты дайындаумен де ерекшеленді. Бұл Оңтүстікте жыл соңына дейін жүзеге асырылады. Ал, дәрілердің бағасын тұрақты ұстап тұру үшін меморандумға биыл да қол қойылады. Бұл туралы ОҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев мәлімдеді. Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті орнатуда елімізде көш бастап тұр десек, саладағы жұмыс медицинада да қарқын алып келеді. Бұған дәлел, әріптестік аясында жүзеге асырылып жатқан емхана ғимараты. Алдағы уақытта да 3 бірдей нысанның аталмыш жоба бойынша құрылысы жүргізілмек. Ал, облыста 195 дәрігердің нақты жетіспеушілігі бар екендігін айтқан Мұқан Кеңесбекұлы саладағы бірқатар мәселелерді атап берді. Бұл жағдайды шешу үшін биылдан бастап ауылдық жерлерге жұмысқа орналасатын дәрігер мамандарға 1 млн. теңге көтермеақы беріледі. Бұған дейін ауылды жерлерге барған дәрігерлерге 100 мың теңгеден бір реттік көмек беріліп келді. Алайда бұл мәселе облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының қолдауымен қайта қаралып, облыстық мәслихаттың шешімімен ауылды жерлерде дәрігерлер тапшылығын төмендету мақсатында ауылды жерлерге жолданатын мамандардың әлеуметтік көмек пакетіне өзгерістер енгізілген. Сол себепті үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап ауылдық жерге жолданатын жас мамандар бір реттік 1 млн. теңге көмек алатын болады.
«Айғақ-ақпарат»