Бүгін мәжілісмендер халыққа қызмет көрсету саласына қатысты біршама мәселелерді көтеріп, талқыға салды. Депутаттар соңғы кездері жиі орын алып жатқан «жеке мәліметтерді жасырын түрде алу» жайттарына алаңдатушылық білдірді- деп хабарлайды NUR.KZ
Мәжіліс депутаттары Үкімет сағатында халыққа қызмет көрсету саласына қатысты көптеген тың бастамалар қолға алынып жатқанымен, аталған бағытта күні бүгінге дейін күрделі мәселелер көп екенін айтып, дабыл қақты. Халық қалаулылары, әсіресе, қызмет көрсету орталықтарында күні бүгінге дейін кезек күту, ауыл тұрғындары мен мүмкіндігі шектеулі жандардың мемлекеттік қызметтерге қолжетімсіздігі, қызмет көрсету орталықтарының жалға алынған орындарда жұмыс жасауы сынды бірқатар мәселелер бар екенін атап өтті.
Ал, Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың аталған сынға қатысты өз айтары болды. Министрдің сөзіне сенсек, «мәселе бар, десе де, құзырлы орган оларды шешуге мықтап кіріскен» көрінеді.
Дәурен Абаев соңғы кездері Халыққа қызмет көрсету орындарында орын алып жатқан жеке мәліметтерді жасырын түрде алу жайттарына да тоқталып өтті.
«Алматыдағы Халыққа қызмет көрсету орталығында алған атышулы жағдайдан кейін, ведомствоға осы сипаттағы 60-қа жуық арыз түсті. Алайда, тексеру жұмыстарын жүргізген уақытта, келіп түскен арыз-шағымдардың негізсіз екені анықталды. Яғни, азаматтар ХҚО-на осыдан біраз уақыт бұрын келіп, қандай да бір мәлімет алғандарын ұмытып кеткен екен.
Сонда мәселе былай болып тұр: азаматтар жеке кабинетінен осыдан үш ай бұрын анықтаманы біреу алғанын көреді де, бірақ оған өздері тапсырысты өздері бергендерін ұмыт қалдырады. Мұның бәрін біз өтінімдер мен камералар арқылы біліп отырмыз», — деп мәлімдеді министр.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін алматылық тұрғын Анна Димитриевич қаладағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының бірі азаматшаның жеке мәліметтерін банкке жөнелткенін әшкерелеген еді. Құзырлы орган өз кезегінде «орын алған жайт бұдан былай қайталанбайтынын, кінәлілер жазаға тартылатынын» мәлімдеген болатын.