Қоғамда кең етек жайған сыбайлас-жемқорлық деректері еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексін төмендетті.
Бюджет қаражатын тиімсіз игеру ісінің де бұл көрсеткішке кері әсері бар. Бүгін Мәжілісте өткен үкімет сағатында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекеттік органдарды есеп комитетіне қарасты 2 мыңдай аудитор тексереді. Бірақ олардың жұмысы халықаралық деңгейде емес.
Бір ғана мысал. Аудиторлық тексеру арқылы заңсыздық қана анықталып, оның алдын алу ісі көлеңкеде қалып келеді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Үкімет тиімділікті бағалау жүйесін енгізуге мүдделі. Сол арқылы аудитор тексерген мекемесіндегі заңбұзушылықтың алдын алу жолдарын ұсынуға міндетті болады.
Бұған қоса Бақыт Сұлтанов құрылыс саласында әлі де болса парақорлық белең алып тұрғанын алға тартты. Сондықтан мемлекеттік сатып алу үдерісіне өзгерту енгізу көзделіп отыр. Атап айтқанда, құрылыс компанияларына қойылатын талаптар жеңілдетілуі мүмкін.
Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
— Көп айтылатын мәселелердің бірі – қаржы бұзушылықтың алдын алу. Қаржы желініп кеткеннен кейін табу емес. Дегенмен ол да керек. Бірақ алдын алатын шараларды атқарсақ дегім келеді. Қаржы бақылау жүйесінде бір-бірінің функциясын қайталау бар. Бақыт
Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
— Тендер өткізген кезде құрылысшылардың қандай қуаттары, ресурстары бар, сондай талаптар қойылған. Жеңілдетіп жатырмыз. Бұл да жемқорлықты төмендетуге әсерін береді деп ойлаймыз.
.
Дерекккөз: 24.kz