Жасырын дәнемесі жоқ, еліміздегі жұмыспен қамту бағдарламасы кейде жалған іске асып жатады. Яғни, осы салада жүрген мемлекеттік қызметкерлер есеп беру кезінде еселенген санды көрсетіп, ал шындығында жұмыссыз жүргендер қаншама? Қатты тисе де, ащы шындықты айтқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова өңірімізге жасаған іс-сапарда тапсырмалар жүктеп кетті. Мемлекеттен қаржы алған соң бас пайда үшін емес, халыққа жағдай жасауды көздеуіміз қажет. Министр ханым осылайша көкейде жүрген көп мәселені айтып, әлеуметтік қызмет көрсетіп жатқандардың жұмысымен танысты. Шымкенттегі Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін орталық 2016 жылы қайта құрылып, жаңа бағытта жұмыс жасауды бастаған болатын. Тағдырдың жазуымен ақыл-есі кем дүниеге келген жандар дәл осы мекемеде ем алып, күндерін өткізіп жүр. Мүмкіндігі шектеулі 32 баламен жұмыс жасайтын дәрігерлер мен мұғалімдер қажетті қызметті көрсетіп жатқандарын алға тартып, Тамара Дүйсеноваға тірлікті таныстырды. Дүниеге келгеннен кеміс болып, дамуы тежелген бүлдіршіндерді көрсеңіз жүрегіңіз езілердей елжірейсіз. Алайда маңдайға жазған бұл тағдырға не шара? Осындай бүлдіршіндерге жан жылуын беріп, жағдай жасауды мақсат тұтқан орталық тәуір тыныс-тіршілігін көрсетуге тырысты. Мекемеде барлық жағдай жасалған, тек ақыл-есінде ауытқушылығы бар жандарды жан-тәнімен қорғаса болғаны. Балалардың ой-зердесін ашуға арналған кабинеттермен танысқан Тамара Дүйсенова денсаулығында ақауы бүлдіршіндерге көбірек зер салды. Олармен балаша сөйлесіп, жағдайларын білуге құштарлық танытты. Сондай-ақ, Астанаға арнайы барып, әлеуметтік форумда өнер көрсеткен өнерпаздардың мұғалімдеріне алғыс хат тапсырып кетті. Пәк жүректі балапандарға сәлемдемесін ұлағатты ұстаздары арқылы аманаттады.
Мұнан кейін жұмыспен қамту бағытында жүрген мемлекеттік қызметкерлер мәжілісте басқосты. Бірақ бұл жиын бұрынғыдан өзгерек. Яғни Тамара Қасымқызы жаттанды баяндамаларды тыйып тастап, цифрларды тізіп берудің қажеті жоқ деп әу баста кесіп айтты. Осыған байланысты облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы әзірлеген мәліметтер бірден талқыға түсті. Мәселен, жұмыссыздар және оқуға түспеген жастарға арналған мемлекеттік бағдарлама бар. Онда оларды кәсіптік оқуға тартып, жұмыспен қамту көрсетілген. Бірақ, бұл мәселе біздің өңірде әлі дұрыстап жөнге қойылмапты. Немқұрайлылықтың салдарынан кейбір басшылар министр сұраған ақпаратты анықтап жеткізе алмай қобалжып қалды. Аз қамтылған отбасыларды жұмыспен қамтитын «Өрлеу» атты жоба бар.
Оған мемлекеттен қыруар қаржы қаралған. Міне, осы шайнап берген дүниені ары қарай жұта алмай отырған қызметкерлер министр Дүйсенованың шамына тиіп, көкіректе тұншыққан шындық ашылды. Кентау қаласы әкімінің орынбасарының қысқа айтқан баяндамасы министрдің көңілінен шықпай, сөз Сарыағаш ауданындағы жұмыспен қамту бөлімін басқарып жүрген басшыға берілді. Бірақ, бір сарында жалғасқан баяндаманы тоқтатқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі тағы да сын тақты. Кәсіпорындарға қажетті кәсіп иелерін әлі де болса анықтамаған. Осы бойынша өңірдегі қызметкерлерге Дүйсенова байсалды мінезімен нақты тапсырма берді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Оңтүстікке жасаған іс-сапарында жұмыспен қамтылмай жүрген азаматтардың саны аз емес екенін ашып айтты. Жалған есеп беруді әдетке айналдырғанша, нақты жұмысты қолға алу керек деп шындық жолына шақырды. Кездесу соңы БАҚ өкілдерінсіз мәжіліске жалғасты…
Бағлан Байкөбек