Қазақстан мен Өзбекстан Арал айдынындағы су ресурстарын бірлесе отырып тиімді пайдалануға ниетті, деп хабарлады ҚР парламентінің баспасөз қызметінен.
Хабарда көрсетілгендей, Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев 2017 жылғы 25-27 қыркүйекте Өзбекстан Республикасында ресми сапарда болды. Сапар барысында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеёвтің қабылдауында болды және өзбек Парламенті қос палатасының басшыларымен келіссөз жүргізді.
«Өзбекстан басшысымен кездесу барысында Қ.Тоқаев Орталық Азиядағы және одан сырт жерлерде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде Қазақстан мен Өзбекстан байланыстарының ерекше рөлін атап өтті. (…) Қ.Тоқаевтың пікірінше, екі ел парламентшілерінің президенттердің, атап айтқанда, Арал айдынындағы су ресурстарын бірлесе отырып тиімді пайдалануға қатысты бастамаларын іске асыру бойынша жұмыс істеу мүмкіндігі бар», — делінген хабарда.
Қ.Тоқаев жоғары деңгейдегі кездесулердің екі ел халықтарының ғасырлар бойғы достығы мен ынтымақтастығын нығайта түсетінін айтты. Сенат басшысы сол елдегі қазақ азаматтардың рухани мұқтаждарына лайықты назар аударылып отырғанына ризашылық білдірді. Тек қазақ тілінде білім беретін 164 мектептің болуы оның нақты көрсеткіші екені айтылды.
Қазақстан Сенатының басшысы Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Нигматилла Юлдашевпен және Олий Мәжілісі Заңнама палатасының Төрағасы Нурдинжон Исмоиловпен де кездесті. Парламентаралық үнқатысуды дамыту мен заң шығару жұмыстары саласындағы ынтымақтастық өзбек әріптестермен кездесу тақырыбы болды.
«Екіжақты негізде де, парламентаралық ұйымдар аясында да парламентаралық байланыстарды үдету туралы келісімдерге қол жеткізілді», — деп хабарлады ҚР парламенті сенатының баспасөз қызметінен.
Еске салсақ, 16 қыркүйекте ҚР президентінің Өзбекстанға сапары кезінде 2018 жылы Арал теңізі мәселесі бойынша жоғары деңгейде кездесу өткізу туралы келісімге қол жеткізілген еді.
Дереккөз: ҚазТАГ
Фото: os-opora.ru