Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенін аралау барысында ауыр атлетикадан Қазақстан спортшысы Илья Ильинмен әңгімелесті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Естеріңізге сала кетейік, екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін әлем чемионы атанған жерлесіміз Илья Ильин допинг дауына ілінген болатын. Халықаралық Олимпиада комитеті спортшының қанынан тыйым салынған препараттар табылғанын ресми мәлімдеп, 2008 және 2012 жылдардағы Олимпиада ойындарының «алтынын» қайтарып алу туралы шешім шығарды.
Осы жағдайдан кейін Илья Ильин Орталық коммуникациялар қызметінде шұғыл баспасөз мәслихатын өткізіп, мән-жайды өзі түсіндірді.
«Менің беделіме нұқсан келді. Бірақ менің арым таза. Адал еңбек етіп, тыңғылықты дайындалдым. Барлығы жақсы болды. Алайда осы бізге көрсетілген анализдер барлығын жоққа шығарып отыр. Үлкен контора (Олимпиада комитеті – ред) маған: «кешір, сен жұмыс істей алмайсың» дейді. Әзірше жұмыс істемеймін. Ойымды жинақтап, мақсатымды айқындау керек. Бүгін барлық болған дауға қатысты соңғы нүкте қойылды. Мен ғажайып бір нәрсе болатын шығар деп ойлағанмын. Бірақ, барлығы осылай аяқталды», — де ген еді ол.
Дереккөз: Baq.kz