Құқықтық статистика және арнайы есепке алулар комитеті төрағасының орынбасары Бағлан Бекбауов Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясы барысында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасын құру нәтижелері туралы айтты – деп хабарлайды премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Бағлан Бекбауов атап өткендей, қазір әлемнің көптеген елдерінде қылмыстық істер статистикасы картада бейнеленеді. Дәл осы түрінде бұл ақпаратты қабылдау жеңіл әрі қажетті ақпаратты жылдам алуға, қалалардың, аудандардың қауіпсіздік деңгейін салыстыруға болады.
«2016 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алулар комитеті осы Картаны жасады, онда еліміздің облыс және аудан орталықтары көрсетілген. Кез келген адам Комитеттің Qamqor.gov.kz порталына кіріп,барлық қажетті ақпаратты ала алады», — деді Бағлан Бекбауов.
Картаның бірегейлігін оның Сотқа дейінгі тергеулердің Бірыңғай тізілімімен кіріктірілуінен көруге болады. Соның арқасында қылмыстық құқық бұзушылық туралы ақпарат арыз полицияда тіркелгеннен кейін Картада автоматты түрде пайда болады.
«Қылмыс жасалған жер, уақыт пен қылмыс түрі көрінеді. Сонымен қатар аймақтағы қылмыс динамикасы көрініс береді. Адамдар сол ауданда қылмыс қаншалықты екенін біліп, аудандарды, көшелер мен үйлерді бір-бірімен салыстыра алады. Яғни, олардың үйлерінде, ауласында немесе ауданында қанша қылмыс жасалғанын білген соң азаматтар учаскелік инспектордан тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуді, ал ПӘК-тен – бейнебақылау камераларының, домофондардың, қараңғы жерлерде жарықтың орнатылуын талап етеді», — деп қосты төраға орынбасары.
Сонымен қатар Бағлан Бекбауов полиция жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында жергілікті полиция қызметі патруль жүргізу бағыттарын құрудан емесе түзетуде Картаны пайдаланатынын атап өтті. Осы уақытқа дейін мұндай 3 мың түзету енгізілген. Басқаларымен кешенді түрде қолданылған бұл тетікқоғамдық орындардағы қылмыстың санын азайтуға мүмкіндік берді.
«Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы бизнес үшін де пайдалы. Оған қарап қай жерде дүкен ашу немесе кеңсе жалдау қауіпсіз болатынын білуге болады. Осы Картада полицияға немесе басқа да органдарға тиісті шаралар қабылдау үшін арыз беруге болады», — деп нақтылады Бағлан Бекбауов.