Биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырған «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында 300 мыңға жуық балаға көмек көрсетіледі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Мәншүк Әбдікәрім мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, биыл жергілікті атқару органдары көмекке мұқтаж 280 мың баланың тізімін жасады. Сонымен қатар, 30 қыркүйекке дейін жалғасатын акция барысында ата-аналардан өтінімдер қабылданады. Осы ретте көмек жасалатын балалардың саны артуы мүмкін.
Мұнымен қоса, әрбір елді мекенде тәуекел тобындағы балаларды анықтау бойынша рейдтер жүргізіледі.
«Бұл тұрғыда панасыз, қараусыз қалған балалар, сондай-ақ оқудан жүйелі түрде жалтаратын, қайыр сұрап жүрген жеткіншектер қамталады. Рейдтер негізінде қосымша тізім құрылады»,-деді М. Әбдікәрім Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, бүгін «Мектепке жол» республикалық акциясы басталды. Қайырымдылық акциясы табысы аз және көп балалы отбасыларға оқу жылының қарсаңында дайындалуға көмек көрсету үшін бірнеше жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 8 жылдың ішінде еліміздің барлық өңірінде 2 миллионнан астам балаға көмек жасалды.
Дереккөз: inform.kz