«Нұр Отан» партиясы Созақ аудандық филиалына жаңа төраға сайланды. Бұл лауазымға ұсынылған аудан әкімі- Салыхан Полатовты жергілікті партияның кезектен тыс өткізілген конференциясында делегаттар тарапынан қолдау тауып, бірауыздан қабылданды. Конференцияға делегаттардан бөлек «Нұр Отан» партиясы облыстық филалы төрағасының орынбасары Еркебұлан Дауылбаев арнайы қатысты.
2017 жылдың 30-мамыр күні Созақ ауданына әкім болып тағайындалған С. Полатов 1959 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі — инженер-металлург, экономист. Еңбек жолын 1982 жылы Манкентживмаш зауытының инженер-технологы болып бастаған. 1983-2005 жылдары Шымкент қорғасын зауытының балқытушысы, аға мастері, «Шымкент қорғасын зауыты» АҚ басқарма бастығының орынбасары, атқарушы директорының коммерция бойынша орынбасары, «Южполиметалл» ЖАҚ директорының орынбасары болып еңбек еткен. 2005-2016 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен табиғи апаттарды алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, Отырар ауданының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі лауазымдарын атқарған.