Өткен апта соңында Алматыда Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының сессиясы өттi. Онда академия төралқасы 2016 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп бердi. Елiмiзде ғылымды дамыту бойынша жасалып жатқан жұмыстар айтылып, Қазақстан ғалымдарының қол жеткiзген табыстары баяндалды. Айта кетейiк, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының президентi – Мұрат Жұрынов. Ол бұл лауазымды 2003 жылдан берi атқарып келе жатыр.
Есеп беру жиынынан соң ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшелерi мен академиктерiн сайлау өттi. Ғылымдағы елеулi еңбектерi еленген бiрқатар белгiлi ғалымдар корреспондент-мүше, академик атанды. Соның iшiнде Оңтүстiкте бiлiм мен ғылымды дамытуда аянбай тер тегiп жүрген азаматтар да бар. Атап айтар болсақ, «Химия және технологиялар» саласы бойынша М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң ректоры Жұмахан Мырхалықов
және белгiлi ғалым, облысымыздағы iргелi оқу орындарын басқарған, бүгiнде Ғылым Академиясы Онтүстiк аймақтық бөлiмшесiнiң төрағасы Лесбек Тәшiмов ҚР ҰҒА-ның академигi болып сайланды.
Естерiңiзге салар болсақ, академияның бұл жолғы сессиясында әр сала бойынша бос тұрған жалпы 28 орынға ҰҒА-ның корреспондент-мүшелерi де сайланды. «Қоғамдық және гуманитарлық ғылым» саласы бойынша ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесi болып Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогикалық институтының ректоры Оңалбай Аяшев сайланды. Ғылымда қол жеткiзген табыстары қомақты азаматтарды мерейлерiн үстем еткен лауазымдарымен шын жүректен құттықтаймыз!
Жалпы ғылымның көкжиегiн кеңейтiп жүрген жерлестерiмiз аз емес. Олар бүгiнде елiмiздiң барлық аймақтарында, iргелi оқу орындарында, қоғамдық ұйымдарда, мемлекеттiк қызметтерде жемiстi еңбек етуде. Бұл күнi олардың да мерейi үстем болды. Мысалы, аграрлық ғылым саласы бойынша белгiлi ғалым Ибадулла Үмбетаев
және химия-технология ғылымы бойынша Әбдуәлi Баешов академик атанса, Әбдiрахман Омбаев ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесi болып сайланды. Сол сияқты «Қоғамдық және гуманитарлық ғылым» саласы бойынша жерлестерiмiз Дихан Қамзабекұлы, Бауыржан Байтанаев академик атанса, осы сала бойынша Әбсаттар Дербiсәлi, Дархан Қыдырәлi ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесi болып сайланды.
Есiмдерi аталған азаматтарды ғылымда қол жеткiзген жоғары табыстарымен құттықтаймыз!
Дереккөз: okg.kz
Фото: itdoc.info, group-global.org, 4student.kz, maslihat.maktaaral.kz