ҚР Инвестициялар және даму министрi Жеңiс Қасымбек Біріккен Араб Әмірліктері бизнесінің өкілдерін еліміздегі кәсіпорындарды жекешелендіру бағдарламасына қатысуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан жекешелендіру бойынша ауқымды шараны жүргізіп жатыр, осы орайда 700-ге тарта мемлекеттік ірі кәсіпорындар таяу жылдары жекешелендірілетін болады. Осы кәсіпорындардың бір бөлігін «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысуымен өткізбекпіз. Бұл тұрғыда тау-кен, мұнай өндіруші салалардың, энергетика, көлік пен байланыс, инфрақұрылымдық нысандар және басқа да кәсіпорындардың акциялары ескеріліп отыр»,-деді Жеңіс Қасымбек Қазақстан-БАӘ бизнес-форумында.
Бизнес-форумға Біріккен Араб Әмірліктерінің 60-қа жуық компаниялары өкілдерінің және Қазақстанның 250-ден астам кәсіпкерлері қатысуда. Оның атап өтуінше, 2015 жылмен салыстырғанда, 2016 жылы екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі үш есеге артты.
“Біз Әмірліктер бизнесінің еліміздегі бағдарламаларға белсенді қатысуын қарастырып отырмыз. Осы орайда Қазақстанның Индустриялық-инновациялық дамуы секілді бағдарламасының орны ерекше. Сонымен қатар «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бар. Бұл тұрғыда бізде нақты ұсыныстар бар, сондықтан бизнес-форумның аясында жобаларды тыңғылықты талқылауға әзірміз»,-деді министр.
Министр Қазақстанда бизнес үшін мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары қамтылғанын, сондай-ақ инвестициялық және салықтық жеңілдіктер қарастырылғанын атап өтті.
«Бізде 10 арнайы экономикалық аймақ, 20 индустриялық аймақ қызмет етуде. Индустриялық аймақтарды дамыту саласында БАӘ-нің үлкен тәжірибесі қызықтырып отыр. Біз аймақтарды бірлесіп дамытуға және олардың кейбірін Әмірліктер компанияларының басқаруына беруге дайынбыз»,-деді Қасымбек.
Дереккөз: naryk.kz