Жуырда болып өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов еліміздің аграрлық саласы үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанын негізгі көрсеткіштер бойынша елеулі табысқа қол жеткізгенін мәлім етті. Оның айтуы бойынша, 2017 жылдың бірінші тоқсанында саладағы ішкі жалпы өнімнің көлемі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 2,9 пайызға өсіп, 353,7 миллиард теңгені құраған. Соның ішінде мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі 3 пайызға өсіп, 339,1 миллиард теңге болған. Ал егін шаруашылығында 14,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы жылдың осы мерзіміндегі деңгейін сақтап қалған.
Бір қызығы, егін шаруашылығында өндірілген осы 14,4 миллиард теңгенің 10 миллиард теңгеге жуығы бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысының үлесіне тиеді екен. Біз мұны еліміздің Статистика комитетінің сайтына кіріп, сондағы мәліметтерге сүйене отырып анықтадық. Сонда қысқы-көктемгі маусымда өнім өндіру ісі елімізде тек бір облыста ғана жолға қойылған ба? Мұның сырын қалай түсінеміз?
Мұның өзі бір есептен түсінікті де. Оңтүстік Қазақстан – көкөнісі мен жеміс-жидегі мол, жылыжайы көп өңір. Соңғы жылдары бұл өңірде, әсіресе, жылыжай шаруашылықтарының қарқынды түрде дамытылуы өңір халқы үшін табыстың тағы бір көзін ашып берген секілді. Сондай-ақ, жылыжайлар салу біршама дамыған Алматы облысында 2,1 миллиард теңгенің, Қарағанды облысында 590 миллион теңгенің егіншілік өнімдері өндіріліпті. Міне, осы өңірлерді басқалардан қара үзіп, алда келеді деп айтуға болады. Ал Статистика комитетінің деректері бойынша, Қостанай, Қызылорда облыстарында үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанының қорытындысында егіншілік саласында бар болғаны 5-6 миллион теңгенің ғана өнімдері өндірілген екен. Демек, бұл облыстар қысқы-көктемгі маусымда көкөніс түрлерін тек сырттан сатып алумен ғана шұғылданып, тіпті қысы жайлы ОҚО-ны айтпай-ақ қояйық, ауа райы өздеріне келетін Қарағанды облысының қыста көкөніс өндіру тәжірибесінен үйренуге мойынсұнбай отырғандығы сезіледі.
Дегенмен, мал шаруашылығында ет пен сүт секілді өнімдерді өндіру жыл он екі ай бойы жүргізіле беретін болса, егін шаруашылығындағы астық секілді негізгі өнім өндірісінің маусымдық сипаты басым болып келеді. Диқандар көктемгі-жазғы маусымда жер өңдеп, оған дән сіңіріп, жас өскінді күтіп-баптап дегендей, көбінесе берекелі күз айына дайындалады. Қоңыр күз – диқан қауым үшін ең ырысты кезең. Ал мал шаруашылығында мәселе басқаша. Мал өсірген адам үшін, егер ісін дұрыс жүргізе білсе, әр ай сайын табыстың қайнар көзі қайнай береді.
Соның дәлеліндей, еліміз бойынша мал шаруашылығында үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанының ет өндіру көрсеткіші өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 3,8 пайызға өссе, сүт өндіру 3,6 пайызға арта түскен. Әрине, мұндай алға басуларға Үкіметтің өткен жылдың соңында ауыл шаруашылығы саласында 2017-2021 жылдарды қамтитын жаңа бағдарлама қабылдап, онда өнім көлемін арттырудың және ауылдардағы тірлікті жандандырудың бірқатар тың тәсілдерін іске қосқандығы себеп болғандығы айқын. Атап айтқанда, бұл бағдарламада ауылдардағы үй шаруашылықтар мен шағын шаруа қожалықтарын ауылшаруашылық кооперативтеріне біріктіре отырып, олардың қолындағы артық өнімдерді жинастырып, сүт зауыттары мен ет комбинаттарына тапсыру жөнінде шаралар кешені әзірленіп, осы істі жүзеге асыруға едәуір қаржы қарастырылған болатын.
Аталған мәселе бойынша, 2017 жылға еліміздің өңірлерінде 326 ауылшаруашылық кооперативін құру жоспарланса, тек бірінші тоқсанның өзінде ғана соның 182-сі құрылып үлгеріпті. Мұның 62-сінің сүт қабылдау, қалған 58 кооперативтің мал сою бекеттері бар. Жоспар бойынша сүт қабылдау бағытында әлі 185, мал соятын орындарды ұйымдастыра отырып ет қабылдау бағытында тағы 30-ға тарта кооператив ұйымдастырылуы керек. Демек, мал шаруашылығы саласында өнім көлемінің ұлғаюы әлі де жалғаса береді деген үміттеміз.
Енді өңірлер деңгейіне келсек, бірінші тоқсан қорытындысы бойынша мал шаруашылығы саласында 62 миллиард теңгенің өнімін өндірген Алматы облысының, 54 миллиард 448 миллион теңгенің өнімін өндірген Оңтүстік Қазақстан облысының, 41 миллиард 813 миллион теңгенің өнімін өндірген Шығыс Қазақстан облысының ел ішіндегі үлесі өте қомақты екендігін, айтуға болады. Жалпы, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында еліміз бойынша өндірілген 339,1 миллиард теңгенің тең жарымына жуығы осы үш облыстың еншісіне тиіп отыр. Демек, ауыл шаруашылығында, соның ішінде мал шаруашылығында кооперативтендіру ісінің өріс алуы бұл облыстардың аграрлық әлеуетін ашуға қосымша серпін береді деген ойдамыз.
Жалпы, мал шаруашылығы саласында өнім өндіруде Қостанай облысынан басқа барлық өңірлердің алға басқаны байқалады. Мәселен, өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда мал өнімдерін өндіру көлемі Павлодар облысында 12,4 пайыз, Маңғыстау облысында 7,3 пайыз, Жамбыл облысында 4,2 пайыз, Алматы облысында 3,9 пайыз, Шығыс Қазақстан облысында 3,7 пайыз, Ақтөбе облысында 3,4 пайыз өсе түскен.
Дереккөз: Egemen.kz