Ағымдағы жылдың 15-16 сәуір аралығында Оңтүстік Қазақстан облысында ОҚО ІІД ЖПҚ табиғатты қорғау полиция тобының қызметкерлері жер қойнауын заңсыз пайдалану және заңсыз аң, балық аулау, ағаш кесу секілді табиғатты қорғау заңбұзушылықтарын анықтау мақсатында жедел іс-шара өткізді. Рейдтік шара барысында полицейлер облыс аумағында з қылмыстық құқықбұзушылық дерегін анықтады, деп хабарлайды ОҚО ІІД баспасөз қызметі.
Мәселен, 15 сәуір күні Қазығұрт ауданы Алматы-Термез тас жолы бойында заңсыз жұлынған Қызыл кітапқа енген қызғалтақ сатып жатқан 1979 жылғы жергілікті тұрғынды ұстады. Айғақты зат ретінде 16 дана қызғалтақ тәркіледі. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК 339-бабымен «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ал, 16 сәуір күні ОҚО ІІД ЖПҚ табиғатты қорғау қызметкерлері Сарыағаш ауданында Келес өзені арнасында заңсыз жер қойнауын пайдаланып жатқан азаматты анықтаған. Рейд кезінде 52 жастағы ер азаматтың экскаватор және жүк көлігімен қазба байлықты тиеп жатқаны белгілі болды. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК 334-бабымен «Жер қойнауын өз бетінше пайдалану» қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.