ҚазАқпарат. Қытайлық халықаралық саудаға жәрдемдесу комитетiнiң шанхайлық бөлiмшесiнде ЭКСПО–2017 көрмесiне ҚХР ұлттық павильоны мен брендтерiн таныстыруға арналған баспасөз мәслихаты өттi.
Шараға Шанхай қаласы коммерция басқармасының төрағасы Дун Чао, Шанхай халықтық жиналысы 14-шi шақыртуының тұрақты мүшесi, Қытай халықаралық
сауда палатасы ЭКСПО департаментiнiң директоры Гэ Цзе және 100-ден астам iрi қытайлық компания өкiлдерi қатысты.
Шанхай қаласындағы ҚР бас консулы Жошыхан Қыраубаев өз сөзiнде қазақ–қытай қатынастарының дамуы, оның iшiнде «Жiбек жолы экономикалық белдеуi» мен «Нұрлы жол» бағдарламасының түйiсуi, өндiрiстiк қуат саласындағы өзара
iс-әрекет жайында әңгiмеледi.
«Бiрлескен күшпен «Қорғас» шекара ынтымақтастығы және «Қорғас – Шығыс қақпа» АЭА дамуда. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолының құрылысы аяқталуға жақын, Ляньюньган портында Қазақстан-Қытай терминалы жұмыс iстейдi. Ол келешекте сауданы кеңейту, Қытай мен Еуропа арасындағы кеңiстiкте көлiк тасымалын жеделдету үшiн мүмкiндiктер ашады» дедi ол.
Дипломат Қазақстан өңiрде бiрiншi болып ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесiн өткiзуге құқық алғанын еске салды.
Бұл жоба Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуiне тың серпiн бередi және жаңартылған энергетика саласын үшiн инновация алаңы болады. Бүгiнде көрмеге 100-ден астам ел, 20 халықаралық ұйым қатысатынын растады. Тақырыбы – «Болашақ энергиясы – жасыл Жiбек жолы» Қытай павильоны жоғары бағаға ие. Бұдан басқа 2017 жыл Астанадағы Қытай туризмi жылы болып жарияланды» деп атап өттi Ж.Қыраубаев