Бұл жөнінде әкімдіктің кезекті мәжілісінде мәлім болды. Күн тәртібіне сәйкес, облыс орталығын абаттандыру, көркейту мәселелері талқыланды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов төрағалық еткен жиынға жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары, мердігер мекеме өкілдері қатысты.
Қала әкімдігінің мұндай шешімге келуіне жергілікті тұрғындардың жасыл желектердің тағдырына алаңдаушылық білдіріп, көпжылдық ағаштарды өз орнында қалдыру жөнінде білдірген көзқарасы мен ұсынысы себеп болған.
– Азаматтардың тілек-талабын ескере отырып, Байтұрсынов көшесін кеңейту жөніндегі шешімді қайта өзгерткелі отырмыз, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы. – Дегенмен, жол толығымен қайта құрылымдаудан өтеді. Аяқжолдар жаңартылып, велосипед жолы, оң жақ бұрылыс өткелдері салынады. Мұндай жұмыстар Адырбеков көшесіне де жүргізіледі. Қазір әлемдік тәжірибеде қалыптасқан үрдіс бойынша тұрғындар көбіне-көп велосипед қызметін пайдалануға ұмтылуда. Көлік кептелісінің алдын алу үшін біз ағаштарды кесуге қақымыз жоқ.
Еске сала кетейік, биыл жол-көлік кептелісінің алдын алу мақсатында Тәуке хан даңғылы мен Рысқұлов көшесіне дейінгі аралықта Байтұрсынов көшесінде кеңейту жұмыстары жоспарланған болатын. Жоспар негізінде ені 8 метрді құрайтын жол бойын 21 метрге дейін ұлғайту, сол себепті, көше бойындағы 900-ге жуық ағашты өзге орындарға ауыстыру қарастырылған. Алайда, қала тұрғындары «жасыл желектердің» орнын ауыстыруға айтарлықтай алаңдаушылық білдіруде.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі