Сәрсенбі күні облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-да Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің отырысы өтті. Іс-шараға ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, облысымыздың қала, аудандарындағы Аналар кеңесінің төрайымдары қатысты. Кеңес отырысында алдымен Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауының маңыздылығы сөз болды. Сондай-ақ, Аналар кеңесінің 2016 жылы атқарған жұмыстары сараланып, осы жылғы міндеттер белгіленді.
Кеңес төрайымы Балқия Көмекбаеваның айтуынша облысымыздың қала, аудандарында 202 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Оған 1 100-ден астам ардақты аналар мүше болып табылады.
Аналар кеңестері өткен жылы отбасылық құндылықтарды жаңғырту, аналардың ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілігін нығайту арқылы қоғамдық келісім мен ел бірлігін қамтамасыз ету бағытында 494 іс-шараның өтуіне ұйтқы болған. Солардың ішінде «Әлем. XXI ғасыр» манифесін ілгерілету мақсатында ұйымдастырылған «Ақ oрамал» республикалық акциясын, ана мен баланың құқығын қорғау, зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жоғары және орта арнаулы оқу орындары мен мектептерде тұрақты өткізілген семинар-тренингтерді ерекше айтып өтуге болады.
Басқосуда Шымкент қалалық №3 емхананың бас дәрігері Мадина Көкенова жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің, аборт жасатудың, жыныстық жолмен жұғатын аурулардың белең алып бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, бұл бағытта бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды.
Жиын соңында қоғамдық шараларға белсене араласып жүрген ардақты аналарға облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібековтың алғыс хаты табыс етілді. Сондай-ақ, барша қатысушыларға 14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күніне орай кітап тарту етілді.
«Қоғамдық келісім» КММ-ның баспасөз қызметі