Оңтүстік Қазақстан облысының ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыс аумағында 2016 жылы әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін пайдаланып қоқан-лоқы көрсету бойынша 5 деректің бетін ашты. Өкінішке орай көптеген адамдар кездейсоқ таныстық, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы танысқанда өзінің жеке өмірінің қауіпсіздігі жайлы ойламайды. Жеке өміріне қол сұғушылықтың құрбаны болуы мүмкіндігі туралы күдіктенбейді де. Ал, кейбір теріс пиғылды адамдар, өзінің құрбанын алдын ала көздеп оның жеке мәліметтері мен әшкерелейтін фотосуреттерін қолға түсірген соң, қомақты қаражат талап етеді.
Мәселен, өткен жылдың соңында Сарыағаш АІІБ-не 26 жастағы бойжеткен хабарласып, танысы өзін әшкерелейтін фотосуреттерді интернет желісіне жүктеймін деп қоқын-лоқы көрсетіп 800 мың теңге талап еткенін мәлім еткен.
Полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 1983 жылы туылған жергілікті тұрғынды күдікті ретінде құрықтады. Өз кінәсін толық мойындаған күдіктінің айтуынша, ол осы әдіспен материалдық жағдайын жақсартпақ болыпты. Айғақ зат ретінде ақша, фото және видеоматериалдар тәркіленді. Аталған жайт Сарыағаш АІІБ-ның сотқа дейінгі бірыңғай тергеп-тексеру тізіліміне тіркеліп, ҚР ҚК-нің 194-бабымен «Бопсалаушылық» қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүруде.
Интернет желісін пайдаланып бопсалаушылардың арасында тек ер адамдар ғана емес, нәзік жандылар да бұл жолды пайдалануда. 2016 жылдың қазан айында полицияға Шымкент қаласының 57-жастағы тұрғыны келіп, танысы оны әшкерелеуші мәліметтерді әлеуметтік желілерге жүктеймін деп қорқытып, жәбірленушіден 100 мың АҚШ долларын талап еткенін мәлімдеген.
Аталған жайт Сотқа дейінгі бірыңғай тегеп-тексері тізіліміне тікеліп, ҚР ҚК-нің 194-бабымен «Бопсалау» қылмыстық іс қозғалды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер ақша алу кезінде Шымкент қаласының тұрғыны 1987 жылғы азаматшаны қолға түсірді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүруде.
Оңтүстік полицейлері, тұрғындарды көшедегі немесе әлеуметтік желі арқылы кездейсоқ таныстықтарда өте сақ болуға, «бопсалаушылар» мен «қорқытып алушылардың» құрбаны болудан сақтануға шақырады. Егер де осы тектес қылмыстардың куәсі немесе құрбаны болсаңыз полицияның «102» сымтетігіне хабарлау қажет.
ОҚО ІІД баспасөз қызметі