Бұл туралы мәліметті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының ОҚО-ндағы өкілдігі таратты. Және Сарыағаш аудандық әкімдігі оқыс оқиғаның орын алғанын растап отыр. Белгілі болғандай, 47 жастағы аудандық білім бөлімінің басшысы М. есімді азамат аудандағы мектеп директорының бірінен 470 мың теңге көлемінде пара алды деп айыпталуда. Бұл жарты миллион теңгенің өтемі ретінде білім бөлімінің басшысы директорға «қамқорлық жасап жүрмек» болған.
Бұрынғы облыс әкімінің кезінде пилоттық жоба ретінде, 2016 жылдың маусым айында білім бөліміне басшы болып тағайындалған шенеунік бұған дейін ОҚО Білім басқармасында жұмыс жасаған. Қызметке келгеніне бір жыл толған жоқ. Осылайша, аудан әкімі халық алдында 2016 жылы атқарылған жұмыстар туралы қорытынды есепке дайындалып жатқанда, білім бөлімінің басшысы осындай істермен айналысқан.