Қазақ елі, қазақ спорты тағы бір ұлынан айырылды. Спорт шебері, қазақша және самбо күрестерінен Қазақстан Республикасы біріншілігінің жеңімпазы, Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Ерқанат Тәңірбергенов жол апатынан қайтыс болды. Бұл қайғылы оқиға қазақтың қабырғасын қайыстырып кетті…
Қайғылы оқиға 3 ақпанда орын алды. Өзі жетекшілік жасайтын спорт мектебінің шәкірттері бұл кезде көрші Жамбыл облысындағы жарыста бақ сынап жатады. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын азамат ауа-райының қолайсыздығына қарамастан Тараз қаласына жолға шығады. Алайда, Тараз-Ташкент тас жолының жабық болуына байланысты, көрші облысқа өте алмай, кері қайтып келе жатқан тұста, яғни Машат асуында жол-көлік оқиғасы орын алады. Сол жерде ауыр жарақат алған Ерқанат Тәңірбергенов жан тәсілім етті. Сөйтіп, қазақтың тағы бір қайсар ұлы, абзал азамат, спорт жанашыры жарық дүниемен қош айтысты…
Тәңірбергенов Ерқанат Рахымұлы 19 мамыр 1982 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. 1988 жылы Түркістан қаласындағы №5 Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектебіне барып, 1999 жылы бітірді. Осы жылы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 2003 жылы бітіріп шықты. Халықаралық қазақ-түрік университетінде оқып жүрумен қатар, 2001-2002 жылдары әскери кафедраның толық курсын бітіріп, запастағы офицер шенін алып, еңбек жолын 2003 жылы Түркістан қаласындағы «Жолаушы» ЖШС-де заңгер қызметінен бастайды. 2005 жылы Халықаралық қазақ-түрік университетінің құқықтану магистратурасын үздік дипломмен бітіреді. 2009 жылы Шымкент университетінің «Денешынықтыру және спорт» мамандығына түсіп, 2011 жылы денешынықтыру және спорт бакалавры дипломын алған.
2005 жылы қаңтар айынан бастап Түркістан қалалық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімінің тергеушісі қызметіне тағайындалады.
2008 жылы мамыр айынан 2008 жылдың қазан айына дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының ұйымдастыру-талдау тобының жетекші маманы болып қызмет атқарады.
2008 жылы қазан айынан 2012 жылдың наурыз айына дейін Түркістан индустриалды-педагогикалық колледжінің директоры қызметін атқарды. 2012 жылдың наурыз айынан бастап бүгінгі күнге дейін Түркістан қаласындағы Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметін абыроймен атқарды.
Спорт шебері. Қазақша және самбо күрестерінен Қазақстан Республикасы біріншілігінің жеңімпазы, 2001-2003 жылдары дзюдо, самбо күрестерінен Қазақстан Республикасы универсиадасының жүлдегері, қазақша және самбо күрестерінен Қазақстан Республикасы біріншілігінің жеңімпазы, 2002-2003 жылдары самбо күресінен әлем біріншілігінің қола жүлдегері болды. 2003 жылы Қазақстан Республикасының жастары арасында самбо күресі бойынша жеңімпазы атанып, 2003 жыл Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хаты, 2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының грамотасымен марапатталды. 2011жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20жыл» мерекелік медалімен марапатталды. 2016жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25жыл» мерекелік медалімен марапатталған азамат, Түркістан қалалық мәслихатының төртінші және бесінші шақырылымдарының депутаты болған.
Түркістан қаласының Құрметті азаматы, үш қыз, екі ұлдың асқар таудай әкесі, отбасының сүйеніші, ата-анасының сүйікті ұлы болған Ерқанат Тәңірбергенов мәңгілікке кете барды. «Айғақ» телеарнасының ұжымы марқұмның ата-анасы, отбасының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Жатқан жерің, жайлы болсын!