Шымкент қаласының әкімі Абай ауданына қарасты елдімекендердің өзекті проблемалары шешімін табады деп уәде етті. Аудан әкімі Ахмет Татыбаевтың қорытынды есебіне қатысқан қала басшысы тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, аймақтың тынысынан хабардар болды. Жамағатты ауыз су, көгілдір отын, сапалы электр жүйелері және қоғамдық көліктің мәселесі толғандырады. Құрамына басым бөлігі қаланың шеткі аумақтары кіретін ауданның, жері де, халқының саны да аз емес. Сондықтан мұндағы басты мәселелердің назарда екенін айтқан Ғабидолла Әбдірахымов қорытынды сөзінде тұрғындарды тазалық пен өмір сүру мәдениетіне мән беруге шақырды.
Жаңаталап елдімекеніндегі №81 Жалпы орта мектебінде өткен аудан әкімінің қорытынды есебіне Шымкент қаласының әкімі қатысты. Елбасы Жолдауын басшылыққа ала отырып, есебін бастаған Абай ауданының әкімі бұған дейінгі кездесулерде тұрғындар тарапынан түскен талап-тілектер мен ұсыныстардың орындалу барысын баяндады. Бүгінде аумағына 12 тұрғын үй алабы мен 21 шағынаудан кіретін Абай ауданында атқарылатын жұмыстар жетерлік. Өз сөзінде осылай деген Ахмет Татыбаев өткен жылы жүзеге асқан істердің легін атап өтті.Есепті баяндамадан соң мінбеге шығып сөз алған тұрғындар әкім жұмысына қанағаттанарлық бағасын беріп жатты. Дегенмен, көпшіліктің көкейінде жүрген тілектері жоқ емес. Қаланың қырынан аспайтын қоғамдық көліктер, діттеген жерге қатынамайды. Көшелерді жарықтандыру, баспаналарына жететін жол бағыттарының жөнделуі бас ауыртқан мәселе дейді тұрғындар.
Абай ауданының аумағына кезінде Сайрам ауданынан қосылған елдімекендер мен оралман қандастарымыздың орналасқан аймақтары кіреді. Кезінде заңсыз салынған үйлердің қатары да дәл осы ауданда өршіген. Алайда әкімшілік тарапынан оларды заңдастыру жұмыстары қолға алынып, тиісті шаралар жүзеге асты. Дегенмен есепті кездесуде тұрғындар тарапынан дәл осы мәселеге қатысты тағы да сауалдар туындады.
Жиында жарыссөздің жалғасы аудан тұрғындарының сауалына ұласты. Бекітілген уақыттың өзінде жазбаша сауалдар мен айтары бар ағайынның көп болғандығын аңғаруға болады.
Аудан тұрғындары көтерген мәселелердің басым бөлігі коммуналдық салаға қатысты болды. Ауданның аумағындағы тұрғын үйлер мен халқының саны жылдан жылға ұлғайып келеді. Сондықтан мұндай мәселелердің түйіні де кезең-кезеңімен шешіледі. Ал кезек күттірмейтін өзекті проблемалар назардан тыс қалмайды деп уәде етті қала әкімі. Осылайша тұрғындарды тазалыққа, мәдинеттілікке шақырған Шымкенттің әкімі алдағы уақытта Абай ауданына қарасты шахардан шалғай елдімекендерді назарға алып, мәселесі бар мекендерді аралауға кірісетінін жеткізді.
Жомарт Бегімбетов