Сәрсенбінің сәтінде Парламент Мәжілісінің депутаты Құдайберген Ержан Шардараға ат басын бұрып келді. Халық қалаулысы аудан әкімі Болатбек Қыстауовпен бірге бірнеше нысандарда болып, жұртшылықпен жүздесті. Бірінші кезекте теңіз жағалауында орналасқан №10216 Е әскери әуе қорғанысы бөлімінде болып, отан күзетінде тұрған сарбаздардың жай-күйімен танысты.
Мұнан кейін «Шардара су электр стансасы» АҚ-ына барған Құдайберген Төлепұлы мұндағы модернизациялау жұмыстарының барысынан хабар алды. Электр энергиясын өндіретін кәсіпорын қызметкерлерімен кездесіп, Парламент қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып өтті.
— Парламент Мәжілісінің депутаттары әр тоқсан сайын елдің арасына барып, тыныс-тіршілігімен танысады. Сонымен бірге, сіздердің тараптарыңыздан көтерілген мәселелерді жазып алып, арнайы шұғылданатын боламыз, — деді Мәжіліс депутаты.
Құдайберген Төлепұлы халықтың көкейіндегі газдандыру, таза ауыз су туралы да айта кетуді ұмытпады. Кездесу барысында энергетика саласының ардагері Ыбырай Сахов сөз алып, ауданға әркезде де қолдау көрсетіп келе жатқан Құдайберген Төлепұлына алығсын жеткізді. Мекеме басшысы Бақытбек Жаңабаев кәсіпорын іске қосылғаннан бері биылғы 1 қаңтарға дейін 21 млрд 675 млн 400 кв/с электр қуатын өндіріп, халықтың игілігіне ұсынғанын айтып өтіп, алдағы қазан айында 50 жылдық мерейтойларын кең көлемде атап өтетіндерінен хабардар етті.
Мәжіліс депутатының іссапары түс қайта «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында жалғасты. Құдайберген Ержанұлы өткізген қоғамдық қабылдауға жазылған аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Тәңірберді Ағманұлы суармалы егістік жерлердің бойындағы ағын су нысандарын қайта қалпына келтіру, Ирригациялық дренаж жүйелерін жетілдіру жобасының 2 кезеңін (ПУИД 2) іске қосу туралы, аудандық кәсіпкерлік орталығының әдіскері Төлбасы Бектасов Шардара — Мақтарал аудандарының аралығын жалғастыратын Шардара су қоймасы жағалауындағы жол құрылысын аяқтау туралы, еңбек ардагері Орал Ақбердиев Шардара қаласындағы жаңа тұрғын үй массивіндегі электр энергиясын шешу мәселесі мен қаланы газдандыру, қалалық қоғамдастық төрағасы Қыстау Ілесов туристік аймақ құру үшін орман қоры жерлерін елді-мекен жерлері санатына ауыстыру туралы ҚР Үкіметінің қаулысын шығаруға жәрдемдесу және Жаушықұм ауылы мен Шардара қаласындағы қосымша су сақтау имаратының (ХАУЗ) және магистральды су желілерінің құрылысын жүргізу туралы мәселе көтерді.
Құдайберген Ержан аудан әкімі Болатбек Қыстауовпен бірге осы күні теңіз жағалауынан былтырғы жылы ашылып іске қосылған аудандық трихи-өлкетану мұражайының тыныс-тіршілігімен танысты. «Шардара қаласындағы №3 шағын ауданның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарының құрылысы» нысанындағы құрылыс жұмыстарының барысын аралап көрді.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.