Шардара ауданының әкімі Болатбек Қыстауов Қоссейіт ауылында ғұмыр кешетін ғасыр жасаған қариялардың шаңырақтарына барып, Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Жасы жүзге жетіп отырған қарияның бірі – Жаппар Серікбаев ақсақал. 1 қаңтар күні 100 жастың есігін ашатын Жаппар ата аудандағы көзі тірі жалғыз майдангер. Қарт майдангермен амандасып, хал-жайын сұраған Болатбек Дүйсенбекұлы:
-Ел басына күн туған сонау сұрапыл жылдары қолдарыңызға қару алып, жаумен соғыстыңыздар. Сіздердің ерліктеріңіздің арқасында бізге осындай бейбіт өмір бұйырды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінгі ұлық мерекеге орай сізді «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен марапаттап отыр. Осыны сізге тапсыруға келдік. Ортамызда аман-есен жүре беріңіз, — деп, мерекелік медальді салтанатты түрде табыс етті. Иығына оқалы шапан жауып, азық-түлік себетін қоса тапсырды. Қарт майдангерді аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңеснің төрағасы Тәңірберді Ағманұлы мен аудан әкімінің орынбасары Бақтыбай Әліпов те құттықтады.
Аудан басшылары мұнан кейін тыл ардагері, 101 жасқа келген Ұлбосын Әбжаппарованың үйіне ат басын бұрып барды. Аудан әкімі қазыналы қарияға гүл шоқтарын ұсынып, оқалы қамзол мен орамал жапты. Мерекелік дастарханға деп азық-түлік табыс етті. Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, әженің отбасына амандық тіледі.
Ғасырдан ұзақ жасап отырған Ұлбосын әженің ширақтығы, сөзге шешендігі адамды тәнті етеді.
-Небір қиын кезді бастан өткердік, шырағым. Ішерге ас таба алмай отырсақ та өкіметтің қара жұмысының бәрін істедік. Ал, қазіргідей мамыражай заманды көргеніміз жоқ. патшамыз Нұрсұлтан ампан болсын, ел басқарып отырған өздерің аман болыңдар, шырақтарым. Сендерге менің жасымды берсін, — деп Ұлбосын әже өзін құттықтап келушілерге ризалығын білдіріп, ақ батасын берді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.