Бәйдібек ауданына жаңа әкім тағайындалды. Ол- Танагузов Бахытбек Туленұлы 1957 жылы ОҚО, Созақ ауданы, Шолаққорған селосында дүниеге келген. 1974 жылы Қарағанды қаласындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Экономика» мамандағы бойынша білім алған. Алғашқы еңбек жолын Созақ ауданындағы мемлекеттік банктің Шолаққорған бөлімшесінде экономист болып бастаған. 1981 — 2016 жылдары Созақ ауданы, Құмкент совхозының бухгалтері, бас бухгалтері, Созақ ауданы партия комитетінің идеология бөлімінің нұсқаушысы, комсомол комитетінің бірінші хатшысы, идеология бөлімінің меңгерушісі, Созақ ауданы, «Агроөнеркәсіп қызметкерлері» кәсіподағы Созақ ауданы комитетінің төрағасы, Созақ ауданы әкімінің орынбасары, Сайрам ауданы, Тассай ауылдық округінің әкімі, Сайрам ауданы, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары, Сайрам ауданы әкімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған. Ал, ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап бүгінге дейін Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары болды.
Бүгін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Бәйдібек ауданының активіне ҚР Президенті Әкімшілігі мен аудандық мәслихаттың келісімімен тағайындалған жаңа əкімді таныстырды. Жаңа басшыны таныстыру сәтінде өңір басшысы лауазым иесінің жұмысына табыс тілеп, Бәйдібектегі халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтерудегі басшылықта Елбасы тапсырмаларын мерзімді әрі нәтижелі орындауды тапсырды. Сонымен бірге, ауданның дамуына өз үлесін қосқан бұрынғы әкім Батырбек Көшербайға алғысын білдіріп, қызметіне сәттілік тіледі.