Ойыншықтардың 40 %-ы санитариялық-химиялық және токсикологиялық көрсеткіштер бойынша қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді, деп хабарлады ҚазТАГ тілшілері ҚР ұлттық экономика министрлігінің тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Балалар ойыншықтарына жүргізілген мониторингінің ағымдағы жылғы 9 айдағы қорытындысы бүгінгі күні нарықта 40 % сәйкес емес ойыншықтар сатылатынын көрсетті. Барлығы 1277 сынама алынды, оның 510 сынамасы сәйкес емес деп белгіленген», — делінген ведомство хабарында.
Хабарда айтылғандай, ойыншықтарды тарату бойынша сауда нүктелерін тексеру ойыншықтардың басым бөлігінде сапа және қауіпсіздік сертификатының жоқ екендігін көрсетті. Бұдан басқа, тауарлардың таңбалау бөлігінде бұзушылықтар анықталды.
«Ойынышықтар санитариялық-химиялық және токсикологиялық көрсеткіштер бойынша қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді», — делінген мәтінде.
Барлық қауіпті ойыншықтар айналымнан алып тасталды. Брак деп танылған ойыншықтардың арасында олардың басым бөлігі импорттық өнімдерге тиесілі. Сатылатын ойыншықтар мен ойындардың көбісі «Қытайдан» әкелінеді (шамамен 90%) немесе шыққан елі белгісіз.
«Ойыншықтар Батыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылорда облысы, Ақтау қаласы және Қазақстаның өзге де ірі қалалары нарықтарынан алып тасталды», — делінген хабарда.
Қостанай облысындағы ойыншықтарда органолептикалық, физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік анықталды, Қызылорда қаласында — формальдегидтің негізгі нормасы артық екені анықталды. Жамбыл облысында ойыншықтар жиынтығында формальдегидтің бар екені анықталды. Барлық ойыншықтар Қытайда жасалған.
Сәйкес емес ойыншықтардың басым бөлігі базарда сатып алынған.