Кеше КҚК құбырлық жүйесіне іске қосу-баптау шеңберінде жүргізілген жұмыстар кезінде Қашаған кен орнынан шамамен 7 700 тонна экспортқа шығарылатын мұнайдың бірінші партиясы жөнелтілді.
«ҚазТрансОйл» АҚ құбырлық жүйесіне 18 800 тонна экспортқа шығарылатын мұнайдың партиясы жөнелтілді, ал «Интергаз Орталық Азия» АҚ магистральді жүйесіне 22,8 млн текше метр тауарлық газ берілді», — деп мәлімдеді Энергетика министрлігі.
Айта кетер болсақ, 2016 жылдың 28 қыркүйегінде Солтүстік Каспий консорциумы теңіздегі және жер үсті кешеніндегі жабдықтарды тестілеу және іске қосу-баптау жұмыстарына кірісті.
«Қазіргі уақытта теңіздегі және жер үсті кешеніндегі жабдықтарды іске қосу-баптау, бақылау-өлшеу аспаптарын және технологиялық процестерді басқарудың автоматты жүйелерін тестілеу жалғастырылуда. Тұрақты жұмыс режиміне шығу біршама уақытты қажет етеді», — деп мәлімдеді министрлікте.
Анықтама үшін:
Қашаған кен орны соңғы 40 жылда табылған әлемдегі ең ірі кен орны болды. Кен орнының мұнай қоры 9–13 млрд баррельді құрайды. Өндіріс қауіпсіздігінің, жобалаудың күрделілігі мен ерекшелігін, логистика мен қатал климаттық және экологиялық жағдайды ескергенде Қашаған әлемдегі ең күрделі жоба болып табылады.
«Қашаған» кен орнын игеру бірнеше кезеңде жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта «Өндірістік әзірлеме бағдарламасы» бірінші кезеңін жүзеге асыру жүргізіліп жатыр. Кен орнын игерудің келесі кезеңдері жоспарлануда.
Консорциум қатысушылары: Аджип Каспиан Си Б.В. (16,807%), КННК Қазақстан Б.В. (8,333%), ЭксонМобил Қазақстан Инк. (16,807%), Инпекс Норт Каспиан Си, Лтд. (7,563%), ҚМГ Қашаған Б.В. (16,877%), Шелл Қазақстан Девелопмент Б.В. (16,807%) және Тоталь ЭиП Қазақстан (16,807%). Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В. Солтүстік Каспий бойынша өнім бөлімі туралы Келісімге сәйкес жүргізілетін қызмет бойынша мердігер компаниялар атынан уәкілетті оператор болып табылады.
ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.