2015 жылдың маусым айында Ресей Федерациясы, Калуга облысы, Ульянов ауданы, Железница деревнясынан 1939 жылы өткен Бүкілодақтық Ауылшараушылығы Көрмесінің «Передовик социлистического сельского хозяйства» меділінің иегері, 37 гвардиялық полкі, 12 гвардиялық дивизяның жауынгері Жерлесіміз Мақаш Тәжібаевтың сүйегі табылған еді. Осыған орай ҰОС-да ерлікпен қаза тапқан батырдың сүйегін туған жерге жеткізу мақсатында Айғақ телеарнасының басшысы Дулат Әбіш арнайы жоба құрды. Облыстық мәслихат хатшысы Қамытбек Айтөреев бастаған делагация 6 мамыр күні Ресей еліне ұшып кеткен болатын. 11-мамыр күні Козелск қаласындағы арнайы орында 11 айдан бері сақтаулы тұрған жауынгер Мақаш Тәжібаевтың сүйегі туған жерге келіп жетті. Яғни, Отан үшін от кешіп, келешек ұрпақтың қамы үшін жанын пида еткен батырдың сүйегін әкеле жатқан делегация кеше сағат 22:00-де Шымкент әуежайына келіп қонған болатын. 75 жыл туған жерден жырақта болған жауынгер жерлесіміздің елге қайта оралған сәті салтанатты түрде өтті.
Ұлы бабалардың ізін жалғаған «Айғақ» телеарнасының бұл бастамасын облысымыздың жастары да зор қуанышпен қолдайды. Өскелең ұрпаққа берер өнегесі мол экспедиция жас буынды Отансүйгіштікке, ерлікті бағалауға насихаттайды деп біледі жастар қауымы. Сонау Ресей елінен әкелінген баба сүйегі облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлерінің жұмылдырылуымен қаламыздағы Шыңғысбай қажы мешітіне жеткізілді. Имандылық ордасында түнеткен батырымыздың мүрдесіне 12-мамырда таңғы сағат 9:30 да Даңқ мемориалында құран бағышталды.
Даңқ мемориалындағы салтанатты жиыннан кейін сұрапыл жылдарда жат жұртта жер жастанған Мақаш Тәжібаевтың сүйегін делегация мүшелері туған жеріне алып кетті. Отан үшін қасық қаны қалған жауға қасқайып қарсы турған азамат Бәйдібек ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Осылайша туған жерін қорғау үшін сұм соғысқа аттанған Мақаш Тәжібаев абыройлы борышын орындау барысында жау оғынан қаза тауып, 74 жыл өткеннен кейін оған өз елінің топырағы бұйырып отыр.
Мақаш Тәжібаевты жерлеу рәсімі Мыңбұлақ ауылында өтті. Оған жергілікті билік өкілдері мен бірқатар ел зиялылары, сондай-ақ, ардагерлер келді. Мұнда да әскерилер салтанатты түрде сап түзеп, батырды соңғы сапарға шығарып салуға қатысты. Ал майдангердің ауылдағы туған-туыстары жерлеу рәсімін дәстүрлі дінімізге сай өткізді. Жерлеу рәсімінен соң облыс имамы Ахметжан қажы Керімбек отан үшін опат болған жерлесіміздің рухына құран бағыштады. Ия, расында да Ұлы Отан соғысы аяқталып, арада 74 жыл өткеннен кейін шайқас алаңында көз жұмған Мақаш Тәжібаевтың сүйегі табылып, туған жеріне қайтқанына туыстары ерекше тебіреніп, қуанып жатыр. Осы жұмыстардың барлығын ұйымдастырған азаматтарға ауыл тұрғындарының алғыстан басқа айтары жоқ.