Берекесі мен бірлігі жарасым тапқан қазақ жерін мекен еткен ұлттардың төл мерекесі – 1 мамыр. «Бейбітшілік күні» деп аталатын жайдары мерекені біздің ел жыл сайын асыға күтеді. Түрі басқа болғанмен тілегі бір, жүзі басқа болғанмен жүрегі бір ұлт өкілдері ынтымақтың аясына жиналып, құшақ қауыштыратын мереке. Күні кеше Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХIV-ші сессиясында сөз алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан – татулық пен бірліктің арқасында қуатты экономикасын қалыптастырды» деп, ынтымақтың күш-жігерін айқындап өткен болатын. Расында, өзгелерге үлгі, жер жаһанның барлық мемлекеттерімен терезесі тең Қазақстан өз азаматтарын ұлтына, діни сеніміне құрметпен қарайды. Толерантты елдің айқын дәлелі ретін бұл күні шырайлы оңтүстіктің тату халқы жылдағы дәстүр бойынша бір шаңырақ аясында бас қосты. Азат елдің бүлдіршіндері өз қолдарымен жасаған туындылардан көрме қойылды. Барлығында бейбітшілік құсы – көгершін бейнеленген. Мерейлі мерекеде көрмені тамашалауға келген облыс әкімі Бейбіт Атамқұловқа жұдырықтай жұмылған елдің атынан түркістандық Насыр Хамкулов киелі Тайқазанның макетін тарту етті.
Қазақ жері – туыстықты ту қылған, тағдырлардың мекені. Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде кез-келген азаматының маңдайынан еркіндіктің желі ескен байтақ дала. Облыстық орыс драма театрының залына жиылған халықтың барлығы да бірліктің айғағы ретінде қолдарын кеудесіне қойып, бір демде мемлекеттік әнұранды шырқады. Өздерінің ұлттық киімдерін киіп, 1 мамырды асыға күткен бейбіт елді өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов арнайы құттықтап, ел абыройының асқақтауында үлесі мол өзге ұлт өкілдеріне алғысын білдірді.
Ел арасында ынтымақтың артып, татулықтың нығайуында еңбегі еселі жандар жетерлік. Бірі өз қызметі арқылы, бірі бірлік жолындағы насихаты арқылы көпке танылып жүрген азаматтар бұл күні марапат төрінен көрінді. Алғаш болып сахна төрінде Елбасының ұйғарымымен «Бірлік» алтын медалін облыстық өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Икрамжан Хашимжанов пен құрылысшы Валерий Александров кеудесіне тақты. Ал Қазақстан Халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасымен «Қазақстан» республикалық телерадиокорпарациясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Қыдыр Уәли, Ассамблеяның Алғыс хатымен «Шымкент келбеті» — «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Айгүл Қаппаровалар марапатталды. Ал облысымызда тынбай жұмыс жасап келе жатқан 20 этномәдени орталыққа облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлы түгелдей алғыс хат табыс етті.Қазақстанның шет мемелекеттермен жүргізіп отырған саясатына көпшілік қызығушылықпен қарайды. Арасына жік түскен елдерді татуластыру, жарастыру жер бетінің ең жас мемлекеті ретінде бізге үлкен мақтаныш. Себебі Қазақстан жүздеген елдердің әлемдік проблемаларын талқылай алатын, ашық алаң ретінде танылып келеді. Бөтенді жатсынбай, бауырға басу қазақ халқының ежелден сүйегіне біткен асыл қасиеті. Қазақстан өзге ұлт өкілдерінің тілі мен дініне, мәдениеті мен дәстүрлеріне әрдайым құрметпен қарайтын жасампаз мемлекет.