Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынатын алғашқы түрме Шымкентте бой көтермек. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев мәлім етті. Айтуынша, Ұлт жоспарының 34-қадамына сәйкес, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік (МЖС) дамыту шеңберінде пенитенциарлық инфрақұрылымды жаңғырту, пенитенциарлық мекемелерді салуға, ұстауға және басқаруға жеке меншік секторды тарту жөнінде ұсыныстарды екшеу және осы салада халықаралық тәжірибені зерттеу, жобаларды құрылымдау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. «Ұлт жоспарының 34-қадамында сотталғандарды мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы камералық ұстауға көшу қарастырылған. Қазіргі уақытта Қазақстанда аталған мәселе талқылануда, Шымкентте жер учаскесі бөлінді, Қазақстан бойынша типтік жобалар дайын, олар халықаралық сараптамадан өтті және халықаралық, еуропалық стандарттарға сай деп танылды», — деп атап өтті М.Аюбаев.
Түрлі қауіпсіздік режимдеріне ие алғашқы түрменің құрылысы 2017 жылы басталмақ. Ол 1500 орынға шақталады. Жоба құны әлі анықталған жоқ.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта аталған түрмелерді салу үшін Қазақстанның 5 облысында жер телімдерін бөлу жөніндегі мәселе талқылануда.
ҚазАқпарат.