Бірлігі мен татулығы жарасқан тәуелсіз елдің барша халқы жыл сайын тойлап келе жатқан бұл мерекенің маңызы ерек. Мемлекет басшысының: «Біз барлығымыз бүкіл қазақстандықтарды біріктіруші негізгі фактор — мемлекеттік тілді дамыту үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз қажет» деген ұлағатты сөздері өз елін, жерін сүйіп, қастерлеген әрбір азаматқа арналады. Айтулы мереке қарсаңында өңірімізде көптеген ауқымды шаралар ұйымдастырылып, тіл мәртебесін көтеруге арналған ғылыми конференциялар, түрлі байқаулар өтті. Қаймағы бұзылмаған өлке Оңтүстікте бұл күні «Ана тілім-қасиетім, ардағым» атты облыстық фестиваль ұйымдастырылды. Еліміз еңсесін тіктеп, егемендігін алғалы бері мемлекеттік тіл – қазақ тілі қанатын кеңге жайып келеді. Ұлтымыздың ұлылығын, данагөй шешендеріміздің шеберлігін, хандарымыздың тапқырлығын көрсететін мәртебесін асыратын — ана тіліміз. Қай кезде болмасын абыройы асқақ болуы керек. Осы мақсатта өткен жиын халқымыздың елдік пен ерлігін, салт-дәстүріге мығым, татулығы айқын екендігін аңғартып тұрғандай болды. Оңтүстік өңірінде 106 ұлт пен ұлыс тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелейтін оқу орталықтары мен үйірмелер қолға алынып, этно- мәдени ұйымдар өз жұмысын жасап жатыр. Ана тіліміз қазақ тілімен қатар ұлтаралық және ресми тілді берік ұстап, қолдану аясында кеңінен жұмыс жасаған тіл жанашырлары бұл күні марапатқа ие болды. Яғни облыстық этно-мәдени орталықтардың мүшелері мен тілдерді оқыту орталығының басшылары жалпы өңірдегі тіл мәдениетін қалыптастырып, жастар арасында тілдің дамуын насихаттап жүрген азаматтар құрмет-қошеметке бөленді.
Еңлік ЗАМАНХАН