Мемлекет басшысының айтуынша, пандемия мен әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, 11 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өсім қарқыны 3,3% деңгейінде сақталып отыр. Биыл Индустрияландыру картасы аясында 20 мың жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 200-ден астам өндіріс іске қосылды. Соңғы бес жылда экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 24-тен 32 пайызға артты. Кәсіпкерлік саладағы жұмыспен қамту көлемі 21 пайызға, яғни 2,8-ден 3,4 миллион адамға көбейді. Бұл Үкімет пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолайлы бизнес-ахуал қалыптастыру, қаржылай және басқа да қолдау шараларын ұсыну жөніндегі дәйекті жұмыстарының нәтижесінде мүмкін болды. Биыл бизнеске мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін қысқарту, рәсімдерді қайта реттеу және одан әрі жеңілдету мәселелерін қамтитын заңнамалық бастамалардың сегізінші топтамасы қабылданды.
– Биылғы 1 қаңтардан бастап менің Жарлығыммен шағын және микро кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге алдағы үш жылға мораторий енгізілді. Менің тапсырмам бойынша Үкімет пен Ұлттық палата реттеу саясатының жаңа әдістерін әзірлеуге кірісіп кетті. Келесі жылдан бастап қазіргі талаптарды қайта қарау және «жаңадан реттеу» қағидатын енгізу жөніндегі заңнамалық нормалар біртіндеп қабылданатын болады. Бұл бизнесті «ақылды реттеудің» түбегейлі жаңа жүйесін қалыптастыра отырып, маңызды емес ережелер мен қайталанатын талаптарды алып тастауға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент экономиканы мемлекет меншігінен одан әрі алу ісі нақты бәсекелестікті дамытуда және әр кәсіпкерге шын мәнінде тең мүмкіндік беруде маңызды рөл атқаратынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ДСҰ мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы, интернет саудасының дамуы жаңа мүмкіндіктер мен тауар өткізу нарықтарына жол ашады деп санайды. Сонымен бірге шетелдік өнім өндірушілер тарапынан болатын бәсекелестікті күшейтеді. Мұндай жағдайда Қазақстан бизнесі өнім сапасы мен еңбек өнімділігін үнемі жақсартып, жаңа әрі озық технологиялар мен бизнес-практиканы меңгеруі қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында «Алтын сапа» конкурсына қатысқан барлық бизнес өкілдеріне алғыс білдірді.
Сонымен қатар «Өндірістік бағыттағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Алматы көпір құрылысы зауыты» ЖШС (Алматы қ.), «МАКС жолқұрылыссервис – 21» ЖШС (Алматы облысы), «Стадболт Мануфактуринг» ЖШС (Атырау облысы); «Халық үшін тауар өндіретін үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «GrandMiks» ЖК (Түркістан облысы), «Глобал-Арнайы киім» Өндірістік бірлестігі» ЖШС (Ақтөбе облысы), «Дана-Дель» ЖК (Жамбыл облысы); «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Тұран» университеті (Алматы қаласы), «СКФ «Отделстрой» ЖШС (Батыс Қазақстан облысы), «Элит-НС орталығы» ЖШС (Нұр-Сұлтан қаласы); «Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Ақсай» Нан-бәліш комбинаты» ЖШС (Алматы қаласы), «Нәтиже «Сүт Фабрикасы» ЖШС (Қарағанды облысы), «Пасека» шаруа қожалығы (Шығыс Қазақстан облысы) «Алтын сапа» конкурсының 2020 жылғы иегерлері атанды.

