Бүгін елімізде «Волонтерлар жылының» жабылу рәсімі өтті. Республика деңгейінде онлайн форматта өткен салтанатты жиынға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Іс-шара барысында барлық өңірлердің әкімдері ең үздік волонтерларды марапаттады. Оның «Жыл волонтері» премиясы мен «Жомарт жүрек» номинациясын шымкенттіктер де иеленді.
Ерікті десе ойымызға ақ жүректі, қамқор да кең пейіл жан елестейді. Шынында әрбір волонтердің көңілі осындай әппақ десек қателеспейміз. Бұл сөздердің қаншалықты рас екенін биыл волонтерлар дәлелдеді. Пандемиямен күресте де, Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы апатты жағдайда да өз күштерін салып, халыққа көмек көрсетті. Еріктілердің ерлігіне барша жамағат куә.
Айта кетейік, Шымкент қаласында 20 қоғамдық ұйым еріктілікпен белсенді айналысады. Ұйымдардың ішінде тек жас буын өкілдері ғана емес, зейнеткерлер де бар. Жалпы үшінші мегаполисте 3 мыңнан аса волонтер тіркелген.
Қалада «Волонтерлар жылы» аясында «Birgemiz» жалпыұлттық жобасы, балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне бағытталған «Тәлімгер», «Шымкент-ТМД елдерінің мәдени астанасы», «Ізгілікте жарысайық», «Мейірім» жобалары ұйымдастырылды. Аталған жобалар бойынша түрлі тақырыптағы жиындар, сенбіліктер, балалармен, қарттармен және мүгедектермен әлеуметтік жұмыстар мен қайырымдылық акциялары өтті. Ал, жалпы республика бойынша 2 мыңнан аса түрлі қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылған.