ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов селекторлық тәртіпте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді. Шара барысында Мемлекет басшысы мен ҚР Премьер-Министрінің алға қойған бірқатар міндеттемелері талқыланды. Бұл туралы ақпарат ҚР Премьер-Министрдің ресми сайтында жарияланды.
Біріншіден, жүзеге асырылып жатқан «Агробизнес – 2020» бағдарламасы негізінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы әзірленетін болады.
Сондай-ақ, бағдарлама мемлекеттік форматқа ауыстырылады, соған байланысты АӨК-ті субсидиялау жүйесіне бірқатар түзетулер енгізу жоспарлануда. Өсімдік шаруашылығында бұл тармақ егін алқаптарын, оның ішінде, бидай алқаптары құрылымын әртараптандыруға қатысты. Ал мал шаруашылығында тәуекелі аз, жеммен қамтамасыз етілуі оңай орта және шағын шаруашылықтарды қамту және жайылымдық мал шаруашылығы әлеуетін пайдалану мүмкіндіктері қарастырылуда.
Екіншіден, жаппай кәсіпкерлікті дамыту жұмысын жандандыру үшін ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және жеке қосалқы шаруашылықтар әлеуеттерін қолдану арқылы кәсіпорындардың қайта өңдеу қуаттарын жүктеу шаралары қолға алына бастады.
«3 жылда ауыл шаруашылығы өнімінің тауарлық өндірісіне 226 мың ЖҚШ тарту және 70 мыңнан аса жұмыс орнын ашып, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктелімін кемінде 20 %-ға арттыру көзделуде», — деп міндеттеме қойды ҚР АШМ.
Ведомствоның мәліметі бойынша, бүгінде 448 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып үлгерді және де ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін арнайы салықтық режимді іске асыру барысында жердің болуы талабын жою бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр.
Үшіншіден, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ЖТҮҚ үшін 10 сотық жер телімін бөлу мәселесі қаралды.
Бұл мәселені шешу үшін Жер кодексіне әкімдіктерге мемлекет қажеттілігіне ЖТҮҚ үшін жер телімдерін сатып алу мүмкіндігін беру бойынша өзгеріс енгізу көзделуде.
Айталық, кезекте тұрған азаматтардың тізімін жүйелеу және екі рет тегін жер телімін алу жағдайларын болдырмас үшін «электронды үкімет» порталында бірыңғай кезекте тұрған азаматтар реестрін құру жоспарлануда.
Төртіншіден, биыл министрлікке АӨК қолдау көрсетіп, өндіріс тиімділігін арттыру бойынша алға қойылған мәселелерді шешу үшін 97 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінді.
Ендігі кезекте, министрліктің міндеті – аталған бюджет қаражатының уақытылы әрі тиімді игерілуін қамтамасыз ету.
Сондай-ақ, жиын барысында суармалы жерді 600 мың га ұлғайту және олардың инфрақұрылымын жетілдіру мәселелері талқыланды.
Бесіншіден, 2016 жылы жануарлардың аса қатерлі ауруларына қатысты эпизоотикалық жағдай жекелеген инфекциялардың таралуын есептемегенде, қалыпты күйде және бұл бағытта тұрақтылық бар.
«2016 жылдың басынан бері жануарлар ауруларының 95 ошағы тіркелсе, олардың 42-сі дереу жойылып, жергілікті атқарушы органдар шешімімен жабылды. Ал қалған 42 ошақта нұсқаунамаға сәйкес ветеринарлық-карантиндік іс-шаралар жүргізілуде. Сонымен қатар, тіркелімге алынған бруцеллезді 109 пунктте сауықтыру жұмыстары жүргізілуде», — деп мәлімдеді министрлікте.
2016 жылы 135,5 млн манипуляция жүргізу жоспарланған. Ағымдағы жылдың 7 айында 76,6 млн манипуляция жүргізу жоспарланған. Оның ішінде, 73,1 млн манипуляция жүзеге асырылып, 7 айлық көрсеткіштің 95,4 % жоспары орындалды.
Жиын соңында А.Мырзахметов отырыс барысында айтылған мәселелерді қорытындылай отырып, алдағы уақытта АӨК-ті жаңа деңгейге көтеру бойынша бірқатар тапсырмалар берді және де олардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын ескертті.