Қасым-Жомарт Тоқаев саммитті ұйымдастырғаны үшін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге ризашылығын білдірді және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды жуырда өткен президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады.
Қазақстан Президенті Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылғаннан бергі 20 жыл ішінде ауқымды жұмыстар атқарғанын және ең табысты халықаралық ұйымға айналғанын атап өтті. Ұйым құқықтық жағынан ғаламшардағы аумақтың төрттен бірін, Жер бетіндегі халықтың 40 пайызын және әлемдегі ішкі жалпы өнімнің үштен бірін қамтитын кеңістікте ынтымақтастық пен өзара сенімнің тиімді құралы ретінде бағаланады. Бірақ коронавирус пандемиясы әлемдік қоғамдастық үшін қатаң сынақ болып отыр. БҰҰ-ның деректеріне сәйкес әлемдік экономиканың құлдырауы 2020 жылдың қорытындысы бойынша 4,4 пайызға жетеді, халықаралық туризм деңгейі 70 пайызға төмендейді және тікелей инвестиция тарту көлемі 40 пайызға дейін құлдырайды.
– Мұндай жағдайда «Азаматтарымыздың мүддесі жолында Шанхай ынтымақтастық ұйымын күрделі жағдайға қалай бейімдейміз?» деген секілді өзекті мәселелерді шешудің тиімді жолдарын табуға тиіспіз. «Шанхай рухы», сондай-ақ, қазіргі сын-қатерлерге бірлесіп ұтымды жауап іздеудегі мол тәжірибе, түптеп келгенде, осы ауқымды міндетті шешуге мүмкіндік береді. Қазақстан ортақ күш-жігердің «Бәрі де адам үшін» деген ізгі мақсатқа қол жеткізуге бағытталғанын аса маңызды санайды. Осы ретте «ұжымдық иммунитетіміздің» күшеюін пандемия мен басқа да жаһандық сын-қатерлерге қарсы қоюдың кепілі деп білемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
