Денсаулық сақтау саласының дамуына өлшеусіз үлесін қосып, Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасын басқарған Егізбаев Мұқан Кеңесбекұлына облыстық клиникалық аурухана ғимаратында ескерткіш тақтасы мен музейі ашылды. Мұражай қорында дәрігердің көптеген марапаттары мен естелік суреттері жинақталған.
Шараға марқұмның әкесі Кеңесбек Егізбаев, туған-туыстары мен медицина саласының өкілдері, дос-жарандары қатысты.Жиналған қауым оның жарқын бейнесін еске алып, мәңгі ел есінде сақталатынын айтты.
Мұқан Кеңесбекұлы дәл осы облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарған жылдары, медициналық мекемені жаңа сатыға көтерген болатын. Жиналған қауым оның ел үшін атқарған еңбегін айтып, жарқын бейнесін еске алды. Ақ халатты абзал жан бүкіл саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған. Марқұм еңбегін ел таныған, талай жанға қол ұшын созып, қамқорлық жасаған арда азамат еді.
Мұқан Егізбаев 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында туылған. Білімі — жоғары, мамандығы педиатр-дәрігер, экономист, денсаулық сақтау саласында жоғары санатты ұйымдастырушы, медицина ғылымдарының докторы атағының иегері. Қарапайым отбасынан шыққан ол алғашқы еңбек жолын 1987 жылы педиатр болып бастаған.