
Тұрғындар көп шоғырланатын демалыс орындарында ғаламтор желісінің қолжетімділігін арттырып, қолайлы жағдай туғызу мақсатында қаламыздың бірқатар паркінде тегін Wi-Fi желісі қосылды.

Олар «Дендросаябақ», «Батырлар аллеясы», «Арбат», «Жастар» саябағы.

Аталған жоба Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының және қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты.

Лимитсіз бұл желіні орнату жұмыстарын «Транстелеком» компаниясы жүргізген.

Іске қосылған жүйе 20 Мбит/с жылдамдықта жұмыс істейді.

Тағы бір атап өтерлігі, жастардың кері тәрбиесіне әсер ететін сайттарға кіруіне шектеулер қойылған. Нақтырақ айтқанда, еліміздің заң талаптарына қайшы құқық бұзушылыққа жол беретін, діни экстремизмді насихаттайтын көрсетілімдерді көріп, бұл бойынша ақпарат алмасуға қатаң тыйым салынған.

Енді арыстықтар мен қала қонақтарының кез келген уақытта интернетті тегін пайдалануына мүмкіндігі бар.

Құрметті қала тұрғындары! Адам көп шоғырланған жерлерде арақашықтықты сақтап, бетперде тағуды ұмытпаңыздар!
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі