Жиында Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің мүшелері: ҚР Президентінің кеңесшісі – Реформалар жөніндегі жоғары кеңес Төрағасының орынбасары Сэр Сума Чакрабарти, Премьер-Министр Асқар Мамин, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Келімбетов, сондай-ақ, шетелдік беделді сарапшылар – Андрес Веласко, лорд Френсис Мод және лорд Филлип Хаммонд баяндама жасады.
– Деректерді тізіп, қалыптасқан жағдайды сипаттаумен шектелуге болмайды. Бастысы – уақытылы шешім қабылдау. Кеңес іс жүзінде жүзеге аспайтын, алдын ала әзірленген ұсыныстарды құптап қана отырмауы тиіс. Кеңес мекемеаралық ұзақ дауларға нүкте қоюы керек. Ұлттық экономиканы басқаруда, қоғамдық дамуда, институционалдық реформалар жүргізуде жаңа бағыттар ұсынуға міндетті. Әрине, қазіргі жұмыстарды да бақылауы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Кеңестің келесі отырысында мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі жаңа тәсілдерді қарастыруды және осы мәселе бойынша шешім қабылдауды ұсынды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев орта мерзімді перспективадағы іс-қимылдарға негіз болуға тиісті Ел дамуының 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарына назар аударды. Аталған құжатта дамудың жаңа күн тәртібі жасалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев берілетін бастапқы мәліметтердің сапасында, әсіресе, ведомстволық статистикада түйткілді мәселелер барын айтты. Статистика комитетін Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікке беру бұл проблеманы шешуге септігін тигізуі тиіс.
Кездесуде Қазақстан Президенті «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жайында да айтты. Ол жұмыс барысында үкіметтік емес ұйымдар мен жекелеген азаматтардың бейтарап пікірлерін ескеру қажеттігін атап өтті.
Екінші топ, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошановтың жетекшілігімен сот және құқық қорғау жүйесін реформалаумен айналысуы қажет. Президент аталған бағытта ауқымды жұмыс атқару керек деп санайды. Сондықтан көзбояушылыққа жол берілмеуі тиіс.
